Главная » Новости » Әлихан Шыңы » ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН – ХХ ғасырдағы “қазақ ханы”

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН – ХХ ғасырдағы “қазақ ханы”

Бүгін, яғни 5-наурыз қазақ ұлтының ХХ ғасырдағы көшбасшысы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Ал 2016 жыл — Әлихан Бөкейхан жылы. Өйткені, биыл ұлт көсемінің 150-жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақшы. Қазақты ел етемін деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етіп, сол жолда шейіт болған боздақтың артында “Алаш” атты аманаты бар. Сол аманаттың ауыр жүгі енді кейінгі тәуелсіз ұрпақтың иығына артылып отыр.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті досы, мүміндердің бірінші халифасы, барлық игі істердің алдында жүретін Әбу Бәкір Сыддық дүниеден өткенде белгілі сахаба Омар ибн Хаттаб: “Ей, Әбу Бәкір! Өзіңнен кейінгілердің орындауы қиын үлгі-өнегеге толы өмір қалдырдың-ау!” – деп еңкілдеп жылаған деседі. Сол секілді ұлтты сүюдің, ұлтқа қызмет етудің теңдессіз үлгісін көрсеткен Әлиханның жолын қайталар кім бар екен, оған кімнің шамасы келер екен?! Әлихан да өзінен кейінгілердің орындауы қиын үлгі-өнегеге толы өмір қалдырды-ау!..

 

Анадан кіндігі кесіліп, сүндеттеліп туған Әлихан

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты – Сұлтан Барақ. Бабасы Бөкей – қазақтың соңғы хандарының бірі. Ал әкесі Нұрмұхамед ел ішіне сыйлы, қадірлі адамдардың бірі болыпты. Анасы Бекжан (Бегім) – тобықты, Құнанбаймен туысады.

Әлихан тумысынан ерекше бала болыпты. Құрсақтан сүндеттеліп, кіндігі кесіліп туылған. Інісі Смахан төре ағасы туралы естелігінде: “Алты жасқа дейін тілі шықпаған. Бала болып ойнағанда қос тігіп ойнайды екен. Балуан, аусар, теріс бұтақ, қисық, көнбейтін. Бақсы, балгер, құмалақшыны «Өтірік айтасың» деп, «Орны қане? Тырп етші, жының қайда?» – дегенде, бақсы айтады екен: «Әлихан келсе, жын қашады», – деп. Жас күнінде асықты көп ойнайды екен. Асығын ұтқан балаға асығын береді екен. Жасы үлкен, зорлықшыл баланы сабайды екен. Алтыбақан тепкенде, әйгөлек ойнағанда, зорлық қылған қыз-келіншек, бозбаланы «тыныш отыр!» деп жайғастырып қояды екен. Ел көшкенде түйесі ауған балалы қатындардың түйесін басып береді екен. Шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді екен. Оқудан келгенде таңертең түйеге, одан кейін қозыға, бұзауға су құяды екен. Ботаны жібереді. Қозы бағып, күн қызғанда ауылға әкеп, суарып, иелеріне тапсырады екен. Күндіз құлын суарады, ел көшкенде, ат ұстағанда көршілеріне, нашар жетім-жесірлерге ұстап береді екен. Ат жетпегенде міңгестіріп алады екен. Ауыл қонғанда құдық қазады екен; жылқыға барса, ұйықтамайды екен”, — деп жазады.

Смахан төренің дерегінше, әкесі Әлиханды жеті жасқа толғанда Қарқаралыдағы ноғай Зариев моллаға мұсылманша оқуға беріпті. Ал тоғыз жаста Қами Бекметов деген кісінің үйіне жатқызып, интернаттан орысша оқытыпты. Сонда оқып жүргенде князь генерал-губернатор Колпаковский Қарқаралыға келіп, интернатқа түсіп, балаларға: “Омбы мен Қарқаралының арасы 760 шақырым, арбаның дөңгелегі неше рет айналып келді?” – деп сұрақ қойыпты. Сонда беліндегі қайыс белбеуін шешіп, отыра қалып, сонымен дөңгелектің диаметрін өлшеп, есептің жауабын Әлихан берген деседі. Мұны әлихантанушыларға інісі Әзімханның ұлы Райымжан Бөкейхан әңгімелеп берген. Риза болған Колпаковский Әлиханды Омбыға жіберіп, техникалық мектепке оқуға түсіртіпті. Оны бітірген жас талапкер оқу іздеп Петербургке аттанған.

 

Бірінші ДУМА-ның депутаттары

Қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков Әлихан туралы: «Ол кісі Санкт-Петербордың Орман Институтының экономика факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен қоса экстернат болып емтихан тапсырған. Терең, дария-мұхит білімді ғалым болатын. Шетелдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біз онымыздың ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей еді де, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой», — деп еске алады. Ал алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова оның Орман институтында христиан дініне қатысты сабақтан ғана бас тартып, әлем саясаты, экономикасы, мәдениеті, әдебиетін өте жетік меңгеріп шыққанын тілге тиек етеді.

 

Езілген елі үшін амалсыз саясатқа араласқан Әлихан

Өзіне, ұлтына қажетті ғылым-білімнің тұтқасын ұстаған соң Әлихан енді қазаққа қызмет етудің қамына кіріседі. Түрлі орыстың, шетелдің басылымдарына қазақ ұлты туралы танымдық мақалаларын жариялай бастайды. Экспедицияларға шығып, қазақ өлкесін зерттейді. Бір естелігінде Әлкей Марғұлан: “Маңғыстауға шыққан және бір экспедиция – өлкенің экономикасын зерттейтін еді. Оның бастығы біздің аса құрметті қандасымыз, беделді ғалым, экономист, Ленинград университетінің профессоры Әлихан Бөкейханов болатын», — деп жазады. Ал кеңес қоғам қайраткері В.А.Радус-Зенкович болса: «Егер де әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі. Оны тиімді пайдалана білу керек. Ол алдағы уақытта да техникалық қызметкер ретінде жүріп те ықпал жасауы мүмкін, бірақ та ол жергілікті жердің жағдайын тез аңғарады, сонысымен де үлкен көмек көрсетеді. Ол қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны алмастыра алмайды», — деген болатын. Белгілі экономист С.П.Швецов: «А.Н.Бөкейханов – қазіргі Қазақстанның халық тұрмысын зерттеген санаулы ғана ғалымның қатарына жатады”, — деп сонау 1928 жылы жазды.

Самарада

Әлихан өзі ғана еңбек етіп қоймай, маңайына оқыған, білімді азаматтарды топтастыра білді. Оларды бір мүдде үшін қызмет етуге жұмылдырды. 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты зерттеуінде Қошке Кемеңгерұлы Әлекеңді «Жүрегі бала, иманы таза, шыншыл, сенімшіл Әлиханға қара тұрмыстың кіріне былғанып, саясат сандалына түскенше, пән жолына түсіп, жоспар көрсетуі керек еді. Расында Әлихан саяси іске езілген елі үшін амалсыздан кірді», — деп жазды. Айтса айтқандай, Әлихан ғалым да, жазушы да болды. Ол қай салада да үздік еді. Бірақ “езілген елі” үшін саясатқа араласып, Алашорда үкіметін құруы, ұйқыдағы халқын соңынан ертуі – оның ең ұлы ісі деп білеміз.

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары Әлиханды қатты құрметтейтін, айтқанын екі етпеуге тырысатын. М.Әуезовтің жұбайы Валентина Әуезова Әлекең туралы: «Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын», — деп еске алса, С.Мұқановтың жары Мәриям Мұқанова: «Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай боп көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді», — деп жазды.

Алаш көсемдері —  Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы

Рас, Әлиханда ханға, патшаға тән ерекше қасиет болғандығын көзкөргендер өз естеліктерінде қалдырған. Халық оған өз ішінде “патшамыз”, “ханымыз” деп айрықша құрмет те көрсетеді екен. Ақын Көкбай Жанатайұлы Әлиханға:

Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,

Ұл тумақ сендей болып аз-ақ-тағы.

Өгіз өліп, болмаса арба сынып,

Өмірің өткен жансың азаптағы.

Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,

Тәңірім айырмасын талабыңнан! – деп жыр арнаса, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы:

Ас-Салаумағалейкум, данышпаным,

Қамын жеп мұсылманның алысқаным!

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің есен-аман, арыстаным!

Заманда басқан аяқ кейін кеткен,

Жасымай Алашына қызмет еткен;

Болса да қалың тұман, қараңғы түн,

Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен;

Түймеге жарқылдаған алданбаған,

Басқадай бір басы үшін жалданбаған,

«Қайткенде Алаш көркейер» — деген ойдан,

Басқа ойды өмірінде малданбаған… — деп жырмен сәлем жолдаған.

Осынша құрметке, ықылас-пейілге тәкаппарлық жасайтын Әлихан ба?! Інісінің айтуынша, ол: “Қазақтың аталы аулының ұрлық, зорлықшылдығын жек көретін, қазақтың кедейін азғырып, байымен партия қылуды ұят көретін. Қазақтың оқыған азаматтарын байшыл, пара алғыш, баймен құда болғышын Әлекең тәуір көрмейтін… Әлекеңнің мінезі – еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың еш нәрсесін алмайтын. «Өлгенде 2.5 кез жер керек», – дейтін» жан болған. Тіпті сонша еңбек етіп жүріп: «Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба?”, — деп өзегі өртене өкініш білдіру тек Әлиханның қолынан келер ерлік шығар…

 

Қазақты Әлихандай сүйген кімің бар?

Ұлтының алдындағы үлкен міндетін: “Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын”, — деп айтып, бүкіл ата-бабасының аманатын жалғыз өзі арқалап, қазақты тәуелсіз ел жасауға ұмтылу тек Әлиханға тән биіктік шығар.

Қазақты сөзбен, тілмен сүю бар да, іспен, жасалған қызметпен, ыстық жүрекпен сүю бар. Әлиханның әр мақаласы, әр жазбасынан ұлтына деген шексіз махаббатты аңғаруға болады. Ашылуына өзі мұрындық болған “Қазақ” газетінде 1913 жылы жарияланған “Құрметті оқушылар” атты жазбасында ғалым: “Ал Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп істе көп болып жабылайық! Саңлаулы саналы, халық азаматтары көмек етіп күш қосып демер деген үміт зор. Қолымнан не келеді? — деп қорықпаңдар! Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылғандай. Көп жұмыстың ішінде ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нəрсесі жоқ. Һəр кім əлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын! Аз нəрсе көпке себеп болмақшы. Сол демеу, зорға сүйеу болады; Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе? Ұлық іс ұсақ істен құралып, зор болатындығын осылардан аңғаруға болады. Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруахты аты деп, газетамыздың есімін “Қазақ” қойдық. Ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы», — десе, “Сайлау” атты мақаласында: «Хохолдың жылда жыртқаны өз жері емес, қоңсы қазақтан арендаға алған қазақ жері. Бұл жердің тозғанында хохолдың не жұмысы бар? Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай шатақ-даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым! Бауырым қазақ-ай! Қылығыңды көріп іш күйеді!» — дейді өзегі өртене.

Абайдан кейін қазақтың кемшілігін бетіне басып, түзелуге шақырған да осы — Әлихан. “Қазақтың тарихы” атты мақаласында: “Бұрынғының көбі күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бəрі жəбір, залым болды; қалғанының бəрі зорлық-зомбылық еді. Қанеки! Дүние ахиретте сонысынан не пайда көрмекші?!
Қиамет күніне дейін сауабы барып тұратын ісі қайсы? Бəрі де қабірде шіріп жатыр. Жанының көрген күні қандай екені Құдайға ғана мəлім!» — деп қазақ баласын қияметте артыңнан үздіксіз сауабы келіп тұратын игілікті іске шақырады. Қазақтың көзіне оны сынап алады да, былай шыға бере, орыс ояздарына: “Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һеш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды… Бірақ (оларды) қозғау керек», — деп есеп береді.

1917 жылы Алашорда үкіметі құрылғаннан кейін «Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ, болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» — деп үндеу тастап, қазақтың алдынан “ақтабан шұбырындыдан” да ауыр күн туып келе жатқанын, ашаршылық, репрессия, конфескацияның жақын қалғанын көкірек көзімен сезіп, көрегендік танытқан да осы Әлихан болатын.

Кеңес үкіметін мойындап, жан-жағынан тұсау салынғанда да ұлтына бір сәтке де қызмет етуді тоқтатпағанын 1923 жылдың жазында артынан еріп келе жатқан інілерінің бірі Дінше Әділұлына жазған: «Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!» — деген хатынан да көруге болады.

Күйеубаласы Смағұл Сәдуақасов пен қызы Лиза 

Әлихан Ислам дініне қарсы болған ба?

Әлихан Бөкейханға қаратыла айтылатын «еуропашыл», «мұсылмандыққа қарсы» деген пікірлер де жоқ емес. Бірақ мұның негізсіз пікір екенін Әлиханның мақалалары да, іс-әрекеті де дәлелдеп тұр. Ол қарсы болса, соқыр наным-сенімге қарсы болды. Ел ішінде халықты қанап, қазаққа айтқанын істететін арамза молдаларды сынады. Ал Әлиханның діни білімі сол өздерін молдамыз деп жүргендерден әлдеқайда артық еді. Ол “Қ. оязындағы моллалардың баяны» атты мақаласында: «Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ я қашқын ноғай, я сарт, я тәжік.

Сол адамдар бек надан һәм нәрсені… білмейді һәм солар надан болған соң, қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң … (Құдайындай иланады). Қазақтар молланы кінәсіз деп ойлайды, себебі моллаларды діннің қуаты деп… Қазақтардың ойлауынша, моллаларға аз қарсы келген – күнәһар деп», — десе, енді бірде: “По невежеству эти муллы врутъ во вредъ религіи: учатъ киргизъ, что въ суде присягой можно оправдать правовернаго, хотя бы неправаго, если въ противной стороне жалуется христианинъ или еврей. Нельзя согласиться, чтобы «Коранъ» допустилъ такую несправедливость. Киргизъ, оправдавшій передъ судомъ своего брата одноверца, хотя бы преступника, считаетъ себя совершившимъ дело, угодное Богу. Такъ ли, въ самом деле? Подумай, киргизъ!» — деп, қазақты ойлануға шақырады. Әлихан қазақты арамза молдаларға сенуге емес, шын білім-ғылым үйрететін молдалардан оқуға насихаттайды: “Хош, қырда жақсы, ұнамды моллалар да бар. Бірақ қазақ арасында көп қадірі жоқ. Біздің ойлауымызша, моллалар өзіне міндетті нәрселерді халыққа үйретсе, жақсы болар еді, әдеппенен қазаққа бақал кіргізіп, молланың айтқан хақ сөздерін іңгәләп, қалай болса солай қылмай, егер де жаңағы моллаларды байқап бақсын қылса, жақсы дін ғылымын һәм одан бірінің мінезінен жақсы болар еді».

1914 жылы желтоқсанда Әлихан Бөкейханның Петербургте өткен Ресей патшалығының құрамындағы өзге мұсылман елдермен бірге қазақтың атынан делегат болып “Мұсылмандар съезіне” қатысқаны белгілі. Ол туралы “Қазақ” газетінде жарияланған “Мұсылман сиезі” мақаласында Әлихан: “Өткен 6-10 декабірде Петроградта мұсылман сиезі болып тарқады. Бұл сиезді бастаған Петроград мәсжидінің [мешітінің] комитеті, жәмиғаты. Шақырған орыс қол астындағы мұсылман жәмиғаттарының өкілдері, іздегені мұсылман болып, көзге көрінерліктей қылып соғысқа көмек қылмақ. Осымен Петроградқа 35-тей өкіл жиылды. Өткен мұсылман сиезі біздің қазақ тілегі орыс патшалығы қол астындағы басқа мұсылмандар тілегімен де бірге екендігін көрсетті. Мұсылман сиезінің байлауы мынау: хүкіметтен рұхсат алып, жұрт ортасынан комитет ашпақ. Осы комитет кісілері соғысқа көмек беруге тиісті жолмен жұрттан қазына жимақ. Қай жолмен қалай камитет сайлайтыны кезінде жазылар. Бұл үлгілі саясат жолында жұрт адамына білім-тағлым жол көрсететін іс, бұған қазақ жігіті кірсе, саясат жолынан тәлім алады, күндердің күнінде қазақ жұртына керек болатын іс атқарады. Жұртқа пайдалы іс қыламын деген қазақ бұған кірісіп іс қылу зор (міндет) мақсұд!” – деп жазып, съезде өзінің де сөйлегенін, кейбір мұсылмандар көтерген мәселелерге қарсы да болғанын баяндайды.

Ұлт зиялыларының ортасында

Әлиханның дінге қатысты өз көзқарасы, пайымы бар екені Л.Толстойдан аударған “Сурат кофейнесі” әңгімесінен де білінеді. Ол түрлі дін өкілдерінің таласы берілген әңгімені аудара келіп, соңында: “Неғұрлым Құдайды жоғарғы ақылға салсаңыз, Құдайға жақын боласыз; Құдайға жақын болсаңыз, адамға кешірімді кісіні жақсы көретін боласыз. Құдай өзі адамды жақсы көреді”, — деген қорытынды айтады. Ал “Қазақта” жарияланған тағы бір мақаласында билікте жүргендерге қарата: “Кассаның ақшасы — халық ақшасы. Кассаның ұстауы бойынша, бұл ақша беріледі кедейге екі тамаққа — ашаршылықта һәм ғайри қазақтарға жұттан һәм дерттен шаруасы күйзелсе. Бұл ақшаны бөтен жаққа ұстаған күнә. «Халыққа пайда қылам» деп халықты тонауға қол қойған құдыққа түкірмеңіз, мырзалар! Дәм атар! Халықты тонамаңыз», — деп ескерту жасайды.

Алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова: “Женщина по киргизской былине “Кобланды” мақаласының соңында зерттеуші Аналықтың нағыз мұсылман болғанын, осының негізінде ғана шынайы бақыт иеленгенін айқындайды. Мұсылман әйелдің үлгісін әдебиеттанушы Ә.Бөкейхан Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) қызы Фатима тұлғасынан көреді”, — деп жазды. Осының өзі де Әлиханның діннен алыс еместігін көрсетсе керек.

Және Әлекең өзге де жазбаларында әуелі Құдайды, одан кейін халықты атап, арсыздарды Құдайдан қорқуға, ал тілінде Құдайы барларды халыққа қызмет етуге шақырады. Оның «Қазақ» газетінің жарық көргені үшінші жылға аяқ басқанда: “Газета бетін шұбарлаған құр қағаз емес, жұртына қызмет етуші ұлтының ұлы екендігін саңылаусыздар болмаса, саналы қазақ таныды. Арам тер болғандар бола берсін. Ахмет болмаса, Міржақып шығарар. Ол болмаса, онан басқа шығарар. Бірақ қазақ газетасыз тұрғысы келмейтінін білдік. Соған көзі жетіп, «күштіге сыйынсаң Құдайға сыйын» деген әуелі Құдайға сеніп, екінші, Құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп, «Қазақ» алдағы жасына аяқбасты. Қайырлы болсын!” – деп жазды. Міне, осындай жазбалардан кейін Әлиханды қалай дінге қарсы болды деп айта аламыз?

Жиені Ескендірмен

Азапты ғұмырдың соңы

Студент кезінен Ресей патшалығы үшін сенімсіздердің қатарынан саналып, қара тізімде тұрған Әлихан 1905 жылдан абақтының дәмін татты. Павлодар түрмесінде еш себепсіз үш ай, Семей түрмесінде 8 ай отырып, 1908-1917 жылдар аралығында Самара қаласына жер аударылып, сол жақта тұрды. Бірақ өзі алыста болса да, елдегі білімді жастарға бағыт-бағдар беріп, қашықтықтан бақылап отырды. Өзі де қарап қалмай, қазақ ғылымы үшін қызмет етті. “Сибирские вопросы” журналына мақала жазып, И.Е.Ефронның “Жаңа энциклопедиялық сөздігінде” қызмет атқарды.

Патша билігі құлап, Қазақстанға Кеңес үкіметі күштеп орнатыла бастаған 1917 жылдың желтоқсанында Әлихан Алаш автономиясын жариялап, өзі Алашорданың төрағасы болды. Артынан 1919 жылы большевиктер Кеңес үкіметін мойындатып, алашордашыларға кешірім берілді. Мұстафа Шоқай секілді Әлиханда да сол кездері шетелге қашып шығуға мүмкіндік болды. Бірақ Әлихан ондай қадамға бармады. Елін сүйгендіктен, не көрсе де халықпен бірге көрмек боп Қазақстанда қалды.

Үйқамақта отырған Мәскеудегі пәтерінде

Қанша кешірім етілсе де, Сталиннің ұлт көсеміне тыныштық беруі мүмкін емес еді. Алғашында халық көтеріліп кетер деп қорқып, кешірім танытқандай болып, артынан түрмеден түрмеге тентіретті. Әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлының жазуынша, Сталин Ә.Бөкейханның соңына 1922 жылдан бастап түскен. Ақыры, 1927 жылдың қазан айында Мәскеуге алдырып, үйқамаққа жапты. 10 жыл бойы туған жеріне жібермей, ешкіммен кездестірмей, қапаста ұстады. Түрмеге түскен Ахмет, Міржақыптарды Мәскеуден жазған “елдің игілігі үшін өліп кетсек, арман не?” деген хатымен жұбатып отырған Әлиханның өзін 1937 жылдың шілдесінде тұтқынға алды. Ол туралы қызы Лиза Бөкейханова былай деп еске алады: “Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде ол саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұлар мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», — деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат», — деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл – «барсакелместің» командировкасы», — деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым».

Түрмеде ұзақ-сонар сұрақ-жауап басталады. Профессор Тұрсын Жұртбай бұл кез туралы: “Әлиханды сөзден ұстамақ болып «Сіз Алаш үкіметін білесіз бе?» деп сұрайды.

– Сен не деп тұрсың? Алашты білмесең, анау мұртты комиссарың сияқты (Сталинді айтқаныТ.Ж.) мақұрым қалпыңда қаласың. Мен Алашорда партиясының төрағасымын, үкіметінің премьер-министрімін. Дұрыстап қой сауалыңды, – дейді Әлекең.

– Онда Совет үкіметіне қарсы қандай мәселе қозғадыңдар?

– Мен Алашорда үкіметінің премьер-министрімін. Біз Халық комиссарларының төрағасы Ленинмен «Бір мемлекет екінші мемлекетті мойындады, сондықтан да Советтің құрамына кіреміз» деген шарт жасастық. Алашорда үкіметінің 1919 жылғы 20 сәуірге дейінгі ешқандай ісі жауапқа тартылмайтыны туралы Лениннің арнайы қаулысы шықты. Сендер Ленин өлді деп оны ұмыттыңдар ма? Кімнің жолымен жүрсіңдер? – деп тергеушінің өзін тығырыққа тірейді”, — деп әңгімелейді.

Амал қанша, қаулыға қарайтын Сталин бе? «Алаш туы астында, күн сөнсе де сөнбеуге» ант еткен Алашордашыларды көсемінен бастап, бірінен кейін бірін атты. Әлиханның соңғы сөзі «Мен Кеңес өкіметін жақтырмадым, бірақ мойындадым!» болған деседі. 1937 жылдың қыркүйегінде Алаштың көсемі атылды. Ел үшін өлім арқалап кете барған ердің сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз.

Әлиханның атылар алдындағы суреті

Әлиханды айтып еңірегенде етегі жасқа толған Смахан төре: «Әлекең байшыл адам емес, жанның бәрін бірдей көреді. Ешкімнен ешнәрсе алайын демейді, пара алмайды. Қазақтың қамын жеген сорлы, тілеуі қабыл болмай арманда кетті. Есенгелді, Саржан, Кенесары, Наурызбайдай арманда кетті, қайтейін! Дүние жалғанда шәһит, қиямет таңда Алла, ел үшін өліпсің! Туған адам өлмек, жау қолында шәһит болыпсың! Дүниеден кеттің арманда, армансыз кім бар жалғанда, топырағын торқа ғып, рахым айла қылғанға», — деп, туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмаған ағасын қатты жоқтайды екен. Талдыбейіттегі әкесі Нұрмұхамедтің жанына Тұрсын Жұртбайдың тілімен айтсақ, “Әлиханның рухы фәни мен бақидың арасындағы ғайып кеңістігінде имансыз көшіп жүрмесін деп және ары-бері өткен мүминнің дұғасы бұйыруы үшін” көсемнің өзі киген құлақшынды лаһаттап осы бауыры көміпті деседі. Смахан төре құлпытасқа:

Қыр баласы,

Ел ағасы,

Қазақтың болған данасы.

Жел жағында панасы,

Ұмыта ма Әлиханды,

Қазақтың баласы, – деп қашап жаздырыпты. Ұмытпайды!

Жүсіпбек Аймауытовтың Әлиханға арнап: “Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басыңды Алаш жолына құрбан қылған ағамыз, асқар тауымыз. Сізді көргендегі жүректің қуанышын тілмен айтып жеткізерлік емес. Өмірің, жүрген жолың біз – інілеріңе жағып қойған шамшырақ! Жасасын сүйреген Алашың!” дейтіні бар еді ғой.

Алашыңның басында тәуелсіздік атты алтын тәж бар, Әлихан!

Алашың жасап келеді…

Марфуға Шапиян

Дереккөз: islam.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*