Главная » Новости » Әлихан Шыңы » 18 наурызда «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» жинағының тұсаукесері өтеді

18 наурызда «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» жинағының тұсаукесері өтеді

Ертең, 18 наурыз күні сағат 10.30-да Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Ғылыми кеңес залында «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» жинағының тұсаукесері өтеді деп хабарлайды «Алаш» ғылыми зерттеу институтының баспасөз қызметі.

150

       2015 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның Парижде өткен кезекті 38-сессиясы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды «әлемдік деңгейдегі шын мәніндегі аса көрнекті қайраткер тұлға»  деп мойындап, ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің ұлы тұлғаның 150 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысуына қатысты 196 сессиясының ұсынысын толықтай қолдады.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты Ә.Н.Бөкейханның сан салалы қоғамдық-саяси, мемлекеттік және ғылыми, публицистикалық және журналистік қызметі мен өміріне сонымен қатар терең қатпарлы мұрасына арналған алғашқы зерттеулер, публицистикалық мақалалар мен сұхбаттар мен дөңгелек стол материалдарының жинағын жарыққа шығарды.

«Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» жинағы «Ер Жәнібек» Халықаралық қоғамдық қорынның  жетекшісі Жеңіс Түркия мырзаның бастамасымен жарық көрді. Жинақта Сұлтан Хан Аққұлының ұлт көсемінің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеп зерделеуге арналған 2009-2016 жылдар аралығындағы үш тілде (қазақ, ағылшын және орысша) жарияланған ғылыми мақалалары, сұхбаттары мен ой-толғамдары топтастырылған.

Аталған жинақ «Алаш» ҒЗИ 2016 жылы Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін мерекелік іс-шаралар аясында жоспарланып отырған сериялы кітаптарының алғашқысы болып табылады.  Алдағы күндері ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемінің өмірі мен қызметіне арналған 2 томдық кітап шығару жоспарланып отыр. Оның қазақ тілінде жарық көретін кітабының бірінші томы  «Тұлға тұғыры»,  екінші томы  «Аманат»,  ал орыс тіліндегі екі томдығы «Творец истории» және «Завещание» деп аталады. Сонымен қатар Ә.Н.Бөкейханның алғашқы 16-18 томдық толық жинағы,  «Алаштың Әлиханы», «Әлихан әлемі»  өзге де  кітаптар мен жинақтар жарық көрмек.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*