Главная » Новости » Наурызнама » Серік ЕРКЕҒАЛИ: Наурызда киіз тігуді доғару қажет

Серік ЕРКЕҒАЛИ: Наурызда киіз тігуді доғару қажет

Ол он жыл уақытын Наурыз мерекесін зерттеуге жұмсады. Ол Наурыз мейрамы туралы алғашқы еңбектің авторы. Мәдениеттанушы, “Наурыз-FEST” жобасын жасаушы Серік Ерғали.

се

Серік аға, Наурыз мейрамы 1926 жылдан 1987 жылға дейін тойланбағанын тарихтан білеміз. Тәуелсіздік алғалы этнофестиваль секілді атап өтіледі. Жалпы Наурыз мейрамы қалай тойлануы керек?

Наурыз мерекесін ресми түрде мерекелеуге тыйым салған кез — Алашорда өкіметінің ұлттық құндылықтарды қолға алуымен тығыз байланысты болуы керек. Совет өкіметі сол кезде ресми түрде тойлатпаған. Бірақ халық Наурыз тойлауды ешқашан тоқтатқан емес. Мен туып-өскен Байғанин ауданы Ақжар совхозына қарасты ауылдар 14 наурыз күні көжесін асып, бір бірімен көрісіп мәре-сәре болатын… Тек қана Колбиннің кезінде ұстанымы шатқаяқтаған совет билігі амалсыз шегінді, ұлттық элита мәжбүрледі. Осыдан барып ресми түрде 1987 емес, 1988 жылы басталды. Ақтөбеде алғаш рет 1990 жылы обкомның Саяси ағарту үйі жанына бірнеше орда тігіп “Алдаспан” клубы мерекелеген.

Мереке этнографиялық еске алу күні болмауы керек.Наурыз мейрамының өзіндік тарихы, мифі, атрибутикасы мен дәмдері, бояу-безендірімі бар.

Наурыздың негізгі атрибуты қандай?

Наурыздың ежелден қалыптасқан 3 ұстаным бойынша атрибуттарын қалпына келтірдік. Бірақ бұл ұлы мереке болғандықтан ғұрыпқа да, атрибутқа да бай. Дәм бойынша наурызкөже бар, оған Күннің нышаны бауырсақ, Айдың нышаны шелпекті қосыңыз. Бұлар бұрыннан бар, бірақ олардың құндылығы ашылмаған. Қазақтың бауырсақты қуанышта, шелпекті қайғыда пісіретіні бекер емес. Наурызда бауырсақ пен шелпек қатар қойылады. Бұған қоса қазақы дәмдік танымды білдіретін “Науан” атты дәмдер жыймасын жасадық. Үш сөрелі ыдысқа қызыл дәм – ет тағамы, ақ дәм – сүт тағамы, көк дәм – көкөніс, жеміс тағамдары біріктіріліп, дастарқан сәнін келтіреді. Ал, мерекенің музыкасы ертеде 9 күй болған, жеті ішекті жетігенді осы Наурыздың басыбайлы атрибутына айналдырып паш етсек деген ұсыныс бар. Қазақ Наурыз кезінде далаға текемет-сырмағын, әсіресе құрақ көрпелерін жайып, айналаны безендірген. Наурыз күні төрге құрақ көрпені жайып, атрибут етуге әбден болады. 2009 жылдан бері Наурыздың басты атрибуты деп мифологиялық бәйтеректі астаналық мектептер қолданып жүр. Ата бабамыз Жолтеректі ертеде “йол” яғни, тілек пен жанның жолы деп есептеген.

Бүгінде бәрі былығып кеткен. Өйткені, советтік отар сананы серпу үшін басында қазақтың барлық этноболмысын осы Наурызға жамап-жасқап тастадық. Ол кезде Наурыздың не екенін, қалай екенін ешкім біле қоймады, зерттеме жоқтың қасы болатын. Бірақ 25 жыл ішінде мемлекет қолға алуы керек еді…

Сіз наурыз мейрамында қандай нәрсеге көңіл бөлдіруді ұсынар едіңіз?

Ғұрып пен атрибут қатар жүретінін ескеріп мына жайттарға назар аудартамын.
9 күй. Ежелгі ғұндар Наурыздың бас таңын 9 күй тартып қарсы алған. Күйдің тоғыз болуының өзі оның тәңірлік сипатын танытады.
Айтыс. Қазақтың бұл өнері Наурызға қатысты дуалистік бейбіт тартысты паш ету көрінісі ретінде мойындалады. Ежелгі замандарда болған Өлі мен Тірі, Жаз бен Қыс, Қыз бен Жігіт айтыстары ежелгі Күн — Түн, Тәңір — Іңір секілді дуалистік таластың көріністері.

Алтыбақан. Алтыбақан – ойын емес, өз мәні көмескіленген ежелгі жоралғы. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай. Бізге жеткен әпсаналар бойынша алты күн ішінде жеті планета жаралды деген мифтік ақпарат жатыр. Алтыбақан тебетін жігіт – Күннің, бойжеткен – Айдың кейпі. Сайып келгенде бұл маятник – Күн мен Түннің үйлесімін паш етеді.

Жамбы ату. Жамбы ату – Күнге табынған ежелгі адамдардың жаңа Күн ұлын таңдау ғұрыптарының бірі болған. Жамбы дегеніміз – айға ұқсаған жылтыр металл. Қарапайым тілмен оны “айқабақ” деп атайды.

Көкпар. Ай мүйізді ақсеркені немесе боз қасқа малды құрбандыққа шалу — Күнге табынушылардың “Айды құрбан ету” актысының көрінісі деуге болады. Өйткені, ежелгі халықтар мүйізді малды – ешкі мен сиырды Айдың нышаны ретінде қабылдаған да, Айды Күнге жығып берудің бір ісі – соның сәйкес нышаны болар малды құрбан ету болған.

Тәжік халқы Наурызда көкпар тартып, оны “бозкаши” атайды. Бұл түркілік сөз әрі рәсім екені анық: бозқасқа құрбандығы ежелгі Күн құрметіне сойылған серке болуы керек және он екі айдың кейпіндегі топ тартысқандығын пайымдауға болады.

Наурызда қазақ бір-біріне “Ұлыс оң болсын!” деп тілек тілейді. Осы “Ұлыс” сөзі қандай мағынаны білдіреді?

Бұл тілектің дұрыс нұсқасы: “ҰЛЫ ІС ОҢ БОЛСЫН!”. Ұлыстың оң-терісі болмайды, істің оң-терісі болады. Ата-бабамыз Наурызды Ұлы істің Ұлы күні атаған, осындағы “ұлы іс” тіркесі бірігіп, “ұлысқа” айналып, жұртты шатастырып кеткен. Бұдан басқа Ақселеу Сейдімбек “ұлыс таң” дегенді айтады, мұнысы “ұлы іс таңы”, яғни Күн мен Түннің теңелу таңын осылай деген, болмаса “бас таң” атаған. “Бастаңғы” ғұрпы осы таңды қыз-келіншектердің ұйқыашар дастарқанын жайып, күтуінен шыққан. Ал жігіттер нақсүйеріне “селтеткізер” сыйлық әзірлейді. Бүгінгі сюрприздің арғы атасы осы – селтеткізер, оны қазір калькалап “тосын сый” деп жүрміз.

Қазақстанның батыс өңірінде “көрісу” дәстүрі сақталған. Осы салттың шығу тарихы қандай? Маңғыстау өңірі 14 наурыздан бастап Амал мерекесін тойлайды. Бұл дәстүрдің астары, шығу тегі неден бастау алады?

Наурызды қазақ ешқашан 21-22 наурызда тойламаған, 14 наурызда бастаған. Бұл турасында мынаны айтуға болады. Аспан қозғалысын бақылау бірнеше мыңжылдықты қамтитын ілім бойынша Күн жүйесіне кіретін 12 шоқжұлдызды (зодиак) Күн жарықтық жыл бойына “аралап” өтеді. Шамасы, Жердің осы шоқжұлдыздарға қатысынан мүшелдік цикл қалыптасып, ғылыми ілімнен этнотанымға ұласқан. Ежелгі аспан денелерінің шығыстық атаулары айуандарға қатысты болуы бұл салаға ежелгі бабатүркілік құндылықтың қатыстылығын әйгілейді. Аспандық үдерістер бойынша бұл күндері Амал жұлдызы мен Күн бір түзудің бойына шығып, Жерден қарағанда беттесіп тұрғандай әсер етеді. Және де осы жайт қыстың кетіп, көктемнің келуіне түрткі болады. Сол себептен де қысы қатал далалық көшпелі түркілер үшін бұл үдеріс қыспен бірге ескі жылмен де қоштасу рәсімі. Яғни, Амал мен Күннің “қауышуы” далалықтардың да ежелгі көкірек түйістіру дәстүрінің туындауына түрткі болған.

Наурыз мерекесі кәзіргідей 21-22 наурызда емес, ескі күнтізбеде 1 наурыз, жаңаша күнтізбеде 14-інде басталған. Неге? Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, “көріседі”. Оның әсері жерге беріліп, көктемгі жылыну үдерісіне ұласады. Қазақтардың көрісу дәстүрі осыдан туындайды. Яғни, тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. Демек, Наурыз мейрамының басы астрономиялық құбылысқа қатысты. Амал шарасының Наурызға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Тек толық зерттелмей келеді.

Қазақтар наурыз айында бір бірін “қыл жабысқан жеуге” шақыратын болған дегенді әдеби кітаптан оқып өстік. Осы “қыл жабысқан” ұғымын түсіндіріп бересіз бе? Ертедегі аңыздардың бірінде енесі келініне “ұзын сары келгенде асасың” деп соғымның бір бөлігін сақтап қоюды тапсырады. “Ұзын сары” деген не?

“Қыл жабысқан” — соғымнан қалған сүр ет. Неге оны Наурызға дейін сақтайды? Сүр ет – ескі жылдың нышаны, ескі уақыттың дәмі, сонымен қоштасып, жаңа жылмен осылайша қауышудың ырымын жасаған. Егде кісілерге осы дастарқанмен “белкөтерер” деген отырысқа мүмкіндік берілген. “Ұзын сары” — күннің ұзаруын білдіретін ескі ұғым. Мұндағы “сары” сөзі ежелгі замандарда “айды” білдіріп “сар” аталған, ал күнді “нар” (маңғолдар әлі солай атайды) деп атаған. “Ұзын сары” түрінде ежелгі табыну нысаны ретінде Күннің бейнесін айтуы да мүмкін. Осының бәрі шатаса келе осындай тіркеске айналған нұсқасы болар. Көктемде күн ұзарып, жылымық келіп, жұрт күннің батуын осындай дастарқанмен уақыт оздыру арқылы, түрлі әңгіме-қауғаға жол беріп, жұрттың қарым-қатынасын қыздыра бастайтын маусымды білдіреді.

Григорян күнтізбесі бойынша жаңа жылдың өзіндік үлгісі қалыптасқан. Наурыздың жалпы халықтық ортақ сценариі неге жоқ?

Қазіргі қалыптасқан жаңажылдық үлгі совет өкіметі жылдарында идеология түрінде қалыптасты. Оған дейін орыста ондай үлгі болған емес. Аяз ата да, Ақшақар да болған жоқ. Бәрі ойластырылған кейіпкерлер. Бізде бәрі бұрыннан бар, ештеңені ойластырудың керегі жоқ. Қыдыр атаны дастарқан жайып, оған жазу жазады деп талқан қойып күту, таңды қарсы алу Ақтөбеде әлі бар. Қазақта бастаңғы сценариі болған, соны қалпына келтіру керек.

Әз Наурыз бен Тәуелсіздік күні – мемлекет үшін ең маңызды мерекелер. Бірақ әлі күнге таптаурын сценариймен өткізіліп келеді. Сол баяғы салтанатты жиын, соңы мерекелік концерт… Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Мәдениеттанушы маман ретінде бұл мейрамдарды қалай тойлауды ұсынар едіңіз?

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары шұғыл түрде ұлттық құндылыққа деген сұраныс кезінде этнографиялық тойға айналдырып алдық… Енді той мен мерекені ажырату керек. Жаңа жыл йолкасына Шымкенттің өзінде биылға 80 миллион теңге бөлінген екен, ал Наурызда 7 миллион бөліне ме? Үлкен сұрақ!
Мемлекеттік мерекеге заң бойынша бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал Наурызға меніңше, әлі күнге ақша бөлінбейді. Тек қана әкімдік бизнесмендерге жүгініп, әрбір ұйымдардың киіз үй тігу көрнекі құралын қолданумен шектелудеміз. Наурызда киіз үй тігуді доғару қажет! Содан бастап нағыз мереке басталады. Менде үйде, балабақшада, мектепте, ұйымдарда, мейрамханаларда мерекелеудің сценарийлері жеткілікті. Астанада біртіндеп еніп келеді. Көшеге халық наурызкөже ішу үшін емес, оны үйде туыс пен көрші-қолаңға беріп, тойып, қызықтауға шығу керек. Мерекені мемлекет пен халық үйлестіре мейрамдауы қажет. Біздің халыққа мерекені де мемлекет жасап беретіндей шалқаяды, бұл дұрыс емес. Наурыз 14-22 күндері 9 күнге созылған фестиваль ретінде өтуін ұсынғалы Шымкентте өтіп келеді, Өскеменде 7 күндік нұсқа бар, бұның бәрі бір ізге түсіп, жалпыұлттық ұлы сценариге ұласуы керек. Ал Батыс өңір 14-іне көріскеніне мәз, әлі мейрамның жақсы нұсқасын бастаған жоқ.

Сіз қалай мәдениеттанушы болдыңыз? Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінген сәттеріңіз болды ма?

Мен алғашқы мамандығым бойынша — математика пәнінің мұғалімімін, қызыл дипломды математикпін. Заңгерлігім өз алдына, ал өмір бойы негізгі нанымды журналистикадан жеп келемін. Психологиядан магистрлік қорғап тастадық дегендей…

Мәдениеттануға мені әкелген Наурыз мейрамы, соны зерттеуге кіріскеніме 10 жыл болды, әзірге бір кітап шығардық. Мәдениеттану халықтың мәдени философиясы болғандықтан, жүрек қалауымен зерттеп келемін. Ол үшін арнайы оқыған емеспін. Бірақ этнографиямен, тарихпен, бұған математикалық логиканы қосқанда мәдениеттану шығады екен.

Әңгімеңізге рақмет!

Дереккөз: kerek-info.kz

1 комментарий

  1. Рахима

    Расында, осы Наурызды тойлағаннан бері киіз үй тігу, оның ішін безендіріп, дастархан жасау әр мекемеде жалғасып келеді. Қатардағы қызметкерлер конкурс үшін дастарханды толтырудың қамымен жүреді. Ақша жиналады, біреулер үшін дастархан жасалады, екініш біреулер соларға қызмет етеді. Жалпы ұлттық мерекенің соңы кімнің дастарханында қандай тамақ болды, кім не әкелді деген әңгімемен бітеді. Мен Иранда болғанда көргенім, наурыз мерекесін олар өздері жанұясымен қарсы алады. Наурыз сапарға шығады, ел аралайды. Біз ас ішіп, аяқ босатудан аса алмай жүрміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*