Главная » Новости » Әлихан Шыңы » Алаш көсеміне арналған кітаптың тұсауы кесілді

Алаш көсеміне арналған кітаптың тұсауы кесілді

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де әлихантанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлұлының  «Әлихан Бөкейхан» атты қазақ, ағылшын, орыс  тілдерінде жазылған ғылыми-зерттеу еңбегінің беташар рәсімі өтті.          Ұлтымыздың ары мен ұяты болған, саналы ғұмырында қазақтың көшін алға сүйреп, өзінің қара басын қауіп-қатерге тіккен  Алаштың көшбасшысы Әлихан Бөкейханның құрметіне арналған бұл жиынға  зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жастар және БАҚ өкілдері қатысып, автордың қуанышына ортақтасты.

ерназ

1991 жылы  Әлихан Бөкейханның шығармашылық мұрасы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған әдебиет зерттеушісі ширек ғасыр аралығында Алаш көсемінің барлық шығармаларын топтастырып 9 томдық еңбегін шығарған. Қазіргі таңда Сұлтан Хан Аққұлұлы ЕҰУ-нің жанындағы  «Алаш» рухани даму ғылыми зерттеу институтының директоры, алыс-жақын шет елдерге таныс танымал ғалым, белгілі публицист.

Биыл Алаш қозғалысының жетекшісі,  Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның  туғанына 150 жыл. Әлемдік атақты ұйым – ЮНЕСКО-ның өзі қазақтың  Әлиханын  «әлемдік деңгейдегі шын мәніндегі аса көрнекті қайраткер тұлға» деп мойындап, оның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде кеңінен атап өту жөнінде арнайы шешім шығарылған болатын.

4-5 наурыз күндері бауырлас еліміз – Түркияның астанасында  Әлихан Бөкейханның құрметіне арналған халықаралық конференция өтті. Конференцияға елімізден Сұлтан Хан Аққұлұлы бастаған арнайы делегация  барып, аталмыш кітаптың тұсауы кесіліп, ғылыми-көпшіліктің назарына ұсынылды.

5 наурыз күні Астанада  Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып жүрген «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен  Әлихан Бөкейханның әзіз рухына құран-хатым бағышталып, елордалық және Семей, Қарағанды, Ақтоғай, Торғай өңірлерінен келген зиялы қауымға арнайы дастархан жайылып, ас берілді.

Бүгінгі «Әлихан Бөкейхан» атты кітаптың беташар рәсімінде  ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, Украинаның Қазақстандағы елшісі, профессор Петр Токарь, «Ақ Жол» ҚДП төрағасының орынбасары, “Қазақ үні” газеті  президенті, көрнекті ақын Қазыбек Иса, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филолог Шерубай Құрманбайұлы, т.ғ.д., профессор  Зиябек Қабылдинов, ф.ғ.к Ербол Тілешов сынды Алаш мұрасын жіті зерттеп жүрген азаматтар салтанатты түрде тұсауын кесті. Олар кітап авторына разылықтарын білдіріп, осы салтанатты шараға қатысып отырған әрбір адамның Алаштың көшбасшысы Әлихан Бөкейхан жөнінде арнайы мақала жазу керек екенін ескертіп, үміт артты.

Жиынды  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, белгілі алаштанушы ғалым Диқан Қамзабекұлы жүргізді.   «Әлихан Бөкейхан» кітабы «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының жетекшісі Жеңіс Түркия мырзаның демеушілігімен жарыққа шықты.

Биыл  «Алаш» ҒЗИ-ның құрылғанына мерейлі он жыл. Он жыл ішінде осы мекеменің ғылыми қызметкерлері қаншама Алаш қайраткерлерінің мұрасын түгендеп, кешегі КСРО тұсында жоғалтқанымызды, өшкенімізді тірілтіп, туған халқымен қайтадан қауыштырды. Ал, жуырда ұлт көсемінің 18 томдық толық шығармалар жинағы жарыққа шығады. Құдай Тағала сәтін салса, Алаштың тойы, Әлиханның тойы кеңінен аталып өтеді. Жас ұрпақтың ниеті мен сенімі дұрыс болсын!

Елдос Тоқтарбай,

Фото: Ермұрат Назарұлы

Дереккөз: qazaquni.kz

1 комментарий

  1. Армысыздар!!! Курметти калын казак ели!!!!
    Мен казирги танда мектеп кабыргасында журип Алихан Бокейханов жонинде гылыми жумыс жазу устиндемин. Сиздерден сурарым белгили Алихантанушы Султанхан Жусип Аккулулымен калай байланыса аламын? Комек берулеринизди шын журектен отинемин!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*