Главная » Новости » Әлихан Шыңы » Сұлтанхан Аққұлы: Абай мен Әлихан жүздесуі мүмкін

Сұлтанхан Аққұлы: Абай мен Әлихан жүздесуі мүмкін

султан

Филолгоия ғылымдарының кандидаты, белгілі Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлының (суретте) 7-томдық зерттеу еңбегі жарық көргелі жатыр. Кітаптың қазір 3 томы басылып дайын тұрған көрінеді. Ғалымның көп томды бұл еңбегі — ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның шығармашылығы мен өмір жолын нақты деректер арқылы тізген тұңғыш танымдық дүние болып есептеледі. Біз Әлихан Бөкейхандай ұлы тұлғаны өз халқымен қайта қауыштыруға қайрат-жігерін жұмсап, жалындап еңбек етіп жүрген ғалым бауырымызға толағай табыстар тілей отырып, оның «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Думан Анашқа берген сұхбатын толық жариялауды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

 

Бөкейханұлы масондық ұйымға мүше болды ма?

— Сұлтеке, өзiңiздiң көп жылғы ғылыми зерттеулерiңiз нәтижесiнде ұлт көсемi Әлихан Бөкейханұлы жөнiнде көптомдық еңбек дайындапсыз. Алғашқы 3 томын қолымызға ұстап, сүйiнiп отырмыз. Құтты болсын!

— Рахмет!

— Ресейде 1905 жылдан кейiн пайда болған француз масондық ұйымымен тығыз байланыста болған Керенскиймен Әлихан Бөкейханұлының кездескенi белгiлi. Петерборлық масондар тобымен бiрге әрекет еткенде ғана жергiлiктi өзiн-өзi басқару, жеке парламент, қаржылық басқару сынды автономиялық атрибуттарға қол жеткiзу Әлихан Бөкейханұлының ойында болды деген пiкiрлер айтылады. Ақпан төңкерiсiнен кейiн кадеттермен және масондармен жолы айрылысқанға дейiн осы ұйым аясында Әлекең қандай iс-әрекеттер атқарды?

— Негiзi, ХХ ғасыр басындағы Ресейдегi масон қозғалысы 1905-1907 жылдардағы бiрiншi орыс төңкерiсiнiң жеңiлiсiнен кейiн пайда болды. Ол кезде Ресейде белгiлi қоғам қайраткерi, ғалым Максим Максимович Ковалевский деген кiсi болған. Сол кiсiнiң 1906 жылы Франциядағы эммиграциядан елге оралғанда айтқан сөзi сол кездегi бүкiл қоғамның санасында қалған. «Самодержавиенi тек масондық қана жеңе алады», деген едi Ковалевский. Өйткенi, бiрiншi орыс төңкерiсiнiң жеңiлуi, сол кезеңдегi оппозициялық партиялардың өзара бiрiкпеуiнiң себебiнен болды. Масондық қозғалыс — партиялардан жоғары тұратын саяси бiрлестiк. Бiрiншi орыс төңкерiсiнiң жеңiлуi Ресейде масон ұйымының пайда болуына түрткi болды. Масондық ұйымның басты мақсаты -партиялардың басын бiрiктiру арқылы самодержавиенi құлатып, сол кездегi дамыған батыс елдерiнiң үлгiсiмен Ресейдi демократиялық мемлекет ретiнде қайта құру болатын. Ал, Әлекеңнiң оған кiру себебi, оның алдында тұрған ең басты мақсаты — патшалық Ресей империясының қоластындағы қазаққа және басқа да ұлттарға Ресеймен тең құқыққа қол жеткiзу болатын. Сол үшiн Әлихан Бөкейханұлының мемлекеттiк Думаға сайланған кезiндегi ең бiрiншi көтерген мәселесi — қазақ ұлтына әскери борышын өтеу құқын алып беру болды. Сосын сайлау, сайлану құқын және Дума арқылы қазақтың жерiн заңдастырып алуды көздедi. Қазақты әскер қатарына шақырудың екi үлкен маңызы болды. Бiрiншi, қазақ ұлтының өкiлi әскер қатарына шақырылғанда, қатардағы әскерге емес, атты әскерге шақырылуы керек. Яғни, казактар сияқты. Өйткенi, казактардың үлкен жеңiлдiктерi бар едi. Бiрiншiден, олар өмiрiнiң соңына дейiн пайдаланатын жер ала бiлдi. Атты әскер қатарында қызмет еткен казак офицерлерi жердi мұраға беру құқына ие болды. Ал қазақ халқында ондай құқық болған жоқ. Құлдыққа түскеннен кейiн қазақ халқы өз жерiнiң барлығын орыс патшалығының жерi деп мойындады. Былайша айтқанда, қазақ өз жерiнде жат жұрт болып қалды. Яғни, Әлекең, қазаққа ұлт тәуелсiздiгiн алып беру Ресейдi демократиялық мемлекет ретiнде қайта құрып, өзгерткенде ғана мүмкiн болатынын түсiндi. Әлекең бастаған Алаш қозғалысының тәуелсiздiктi қолына қару алу арқылы орнату мақсаты болған жоқ. Ол мүмкiн емес-тi. Өйткенi, Әлекең, кезiндегi Кенесары ханның жеңiлiсiнiң себебiн жақсы бiлдi. Ол қазақтың орысқа бодан болып келу себептерiн қатты зерттеген болатын. Кiтабымның екiншi томында Әлиханның хандардың, билердiң, сұлтандардың орыс патшасының өкiлдерiмен хат алмасқаны туралы деректер бар. Сонда орыс патшасы қазақтардың бiрiне шен берiп, бiрiне айлық жалақы берiп, бiрiне атақ-даңқ берiп, кәдiмгiдей сатып алғаны айтылады. Керек болса, кейде күш қолданған. Сөйтiп, құлдық қамытын кигiзген.

1906 жылы Петерборда «Темiрқазық» («Полярная звезда») масондық ұйымы құрылды. Әлекеңнiң бұл ұйымға мүше болғанын тарихи деректер айғақтайды. Мәселен, Әлекең 1923 жылы Мәскеуде тұрып жатқан кезiнде қазақ тiлiнде журнал шығарған. Бұл журналдың атауы — «Темiрқазық» болатын. Мұның да үлкен сыры бар.

1908 жылы бiрiншi Мемлекеттiк Дума таратылғаннан кейiн екi жүздей депутат «Выборг үндеуi (манифестi)» құжатына қол қояды. Онда халықты билiкке азаматтық бағынбау шарасына шақырған болатын. Сол актiге қол қойғаны үшiн Әлекең сотталып, сот шешiмi бойынша 3 айға түрмеге отырғызылады. Ал, iс жүзiнде Әлекең 8 ай Семей түрмесiнде отырып, Самараға жер аударылады.

1911 жылы Ресейдiң реакциялық үкiметiнiң төрағасы Петр Столыпин Киевте қаза болғаннан кейiн, реакциялық тәртiптiң бұғауы әлсiрей бастады. Сол кезде масондық қозғалыс қайтадан өрбидi. Сол кезеңде Петерборда «Полярная звезда», Мәскеуде «Возрождение» қайта өрлеу деп аталған ұйым болған. Осы ұйымдардың өлкелерде, iрi қалаларда бөлiмдерi пайда болады. Тарихи құжаттарды қарап отырсақ, сондай өлкелiк ұйымның бiрi Самарада ашылған. Айдауда жүрген Әлекең Самарадағы масондық ұйымды құруға ең басты себепкер, мұрындық болған. Орталық масон ложасының қалыптасқан дәстүрi бойынша, келесi бiр масон ұйымының бөлiмiн ашу үшiн бұрын құрылған немесе орталық масон ұйымының өкiлi келiп куә болу керек.

Бұл ұйымдарды патшалық Ресейдiң полиция департаментiнiң тыңшылары мен жансыздары бақылап келген. Өз мекемелерiне жансыздар мәлiмет берiп отырған. Бұл туралы кезiнде Орталық ЦГА (КСРО Қазан төңкерiсiнiң орталық мұражайы — ред.) аталатын, қазiргi РГИА-дан (Ресейдiң мемлекеттiк тарихи мұражайы — ред.) алған тарихи мәлiметтерiмде жазылған. Сонда Әлихан Бөкейханұлының Керенскиймен үш рет кездескенi айтылады. Бұл жерде тағы бiр айта кететiн мәселе, Ресейдегi масон ұйымы Керенскийдiң құрған ұйымы емес. Керенскийдiң өзi 1961 жылы Нью-Йоркте шыққан естелiгiнде, өзiне 1912 жылы төртiншi мемлекеттiк Думаға депутат болып сайланғанында масон ұйымына кiру туралы ұсыныс айтылғанын жазады. Ол бiраз ойланғаннан кейiн, масон ұйымының мақсаты мен өзiнiң мүддесi сәйкес келетiнiне көзi жеткенде ғана келiсiмiн берген. Яғни, Керенский масон ұйымына тек 1912 жылы кiрген. Сол кездегi тарихи оқиғалар мен деректердi салыстырып қарасам, Әлихан Бөкейханұлы шамамен 1906 немесе 1908 жылы аталған ұйымға кiрген. Яғни, Әлекең ұйымға Керенскийден әлдеқайда бұрын енген. Сосын 1912 жылдан кейiн масон ұйымы бiрнеше тармақтарға бөлiнiп кеткен. Оның iшiнде өзара келiспеушiлiктер болған. Өйткенi, масон ұйымы екпiндi жұмыс iстеуi үшiн ұйымның құрамынан бұрынғы ескi көзқарастағы саясаткерлердi, оның iшiнде партия көсемдерiн шығару керек болды. Сондықтан масондықтар сөз жүзiнде ұйымды жабатын болдық дейдi де, iс жүзiнде алдыңғы көзқарастағы саясаткерлер ұйым сапында қалып қояды. Оның iшiнде Керенский де, Әлекең де бар. Әлекеңнiң бұл ұйымға кiрген себебi, ол өзiнiң ұлттық мүддесiн iске асыру үшiн ең алдымен Ресейдi қайтадан құру керек деп есептеген едi. Ол осы мақсатта ғана ұйымға кiрдi. Ойлап қарасақ, 1917 жылдың шiлдесiнде Әлекең «Конституциялық демократиялық партиясы» немесе кадеттер, яғни, «Халық бостандығы партиясының» Орталық комитетiне мүше болып кiредi де, артынша, бiр ай өтпей қайта шығып кетедi. Өйткенi, ақпан төңкерiсiнен кейiн, кадет партиясы шiлде айындағы съезiнде бұрынғы көптеген саяси мақсат-мүддесiнен бас тартқан. Кадеттер Ресейдiң бұратана халықтарына тең құқық беру, автономиялық жеңiлдiктер беру мақсатынан бас тартады. Кадетшiлердiң көбiнде ұлы шовинистiк көзқарастар пайда бола бастайды. Бұл туралы Әлекең «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында айтады. «Бiрнеше саяси бағыт-бағдар, көзқарас бойынша мен олардан ажырадым. Сондықтан мен кадет партиясынан шықтым да, «Алаш» партиясын құруға кiрiстiм», дейдi. Бiрақ, ол кезде Әлихан масон ұйымынан әлi шыққан жоқ болатын. Мұны ескеру керек. Себебi, сол кезеңде басқа бұратана халықтардың, қазақтың мүддесiн ескеретiн жалғыз ұйым — масондар ғана болатын. Прогрессивтi партиялардың саяси бағыт-бағдары масондардың бағдарламасы болып қалды. Көбi саяси көзқарасын өзгерте бастағандықтан, Әлекең 1917 жылдың 13-желтоқсанында «Алаш Орда» автономиясын құратын болды. Ақпан төңкерiсiнен кейiн құрылған Уақытша үкiметтiң барлық қаулыларын «Алаш Орда» үкiметi басшылыққа алады. Оның iшiнде, бiрiншiден, елдегi тыныштық пен тұрақтылықты сақтап, сонан кейiн ғана автономияны жариялау. Масондық ұйымның өз күшiн жоғалтқан себебi, Уақытша үкiмет қирады. Екiншiден, большевиктер билiктi заңсыз басып алды. Сондықтан «Алаш Орда» үкiметi мен қайраткерлерiне өзiнiң мақсат-мүддесi мен iс-әрекет жоспарын қайта қарап, жұмыс iстеуiне тура келдi. Яғни, тарихи жағдай күрт бетбұрыс жасады. Уақытша үкiметтiң өмiр сүруi жалғаса бергенде, бәлкiм, тарих басқа бағытта дамыр ма едi…

Ленин Әлиханды тұтқынға алса да, жетi бөлмелi пәтерге орналастырған

— Сiз бiр жазбаңызда Мәскеудегi Бутырка түрмесiнде отырған Әлихан Бөкейханұлы 1937 жылы үкiм шыққан күнi-ақ атылғанын жазған екенсiз. Сол жазбаңызда Бөкейханұлын Лениннiң үкiмiмен ұстап, Мәскеуге алып келгенде түрмеге емес, жетi бөлмелi, бұрынғы граф Шереметьевтiң сыйлыққа тартқан үйiне тұрғызған деп жазыпсыз…

— Бұл жерде мәселе былай. 1919 жылы большевиктiк билiктiң қаулысы бойынша «Алаш орда» автономиясының барлық басшыларына рақымшылық жарияланды. Бiрақ, «Алаш орданың» ең басты көсемi Әлихан Бөкейханұлын билiкке жолатпады. 1920 жылы советтiк қазақ автономиясын жариялаған кезде, оның iшiнде Ахмет Байтұрсынұлынан басқа ешкiм болмады. Әлекең 1922 жылға дейiн елiне барып тұруға мәжбүр болды. Сол кезде Әлекеңнiң елге кетiп бара жатқанында айтқан өсиетi бар. «Ең алдымен мал басын азайтуға тырысыңдар. Өйткенi, ертең малдың бәрiн тәркiлейдi. Көбiнесе егiнжаймен айналысыңдар. Ертең қиын күн туғанда, сендердi аман алып қалатын егiн болады», — дептi. Шынында да, қолын кiсендеп, сол кездегi туған жерi Семей облысы, Тоқырауын болысынан Мәскеуге алып кеткен кезде, оны Бутырка немесе басқа да толып жатқан түрмелердiң бiрiне отырғызуы мүмкiн едi.  Бiрақ, большевиктер Әлиханды Кремль мен Қызыл алаңнан онша алыс емес, «Большой Кисловский переулок» деген жердегi 4-үйдiң 15-пәтерiне орналастырған. Бұл — кезiндегi әйгiлi граф Шереметьевтiң iс басқарушысының үйi болған екен. Шереметьев аталған үйдi iс басқарушысына өзi сыйлаған. Әлекең Мәскеуде осы үйге орналасқанда бұл үйде большевиктiк партияның көптеген басшылары тұрған. Оның iшiнде Красин, Ждановтар да бар. Кейiн советтiк билiк режимi қатаңдай бастаған кезде, яғни, 1930-жылдардан соң Әлекең үйдiң ең түкпiрiндегi бөлмесiнде тұрды. Осы бұрыштағы бөлмесiнде түскен суретi кiтабымның iшiне ендi (Кiтаптан суретiн көрдiк — Д.А.).

Сол пәтерден ақырында 1937 жылы шiлдеде алып кетiп, 27-қыркүйекке дейiн түрмеде ұстап, әбден азаптаған. Қатты қиындық көргенi кiтаптағы суретiнен көрiнiп тұр. Кәстөмiнiң жағасы қайрылып кеткен. Бұл — НКВД жендеттерiнiң iсi.

1991 жылы күзде, Мәскеудегi сол кезде «КГБ СССР» аталатын мекемеге хат тастап кеткен едiм. Сол хат арқылы анықтаманы, осы суреттi, құжаттарды қазан айында «ЦОС (центр общественных связи) КГБ СССР» мекемесi салып жiберген екен. 1995 жылы ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң басшысы Сәт Тоқпақбаев едi. Қазiр — Мәжiлiс депутаты. Сол кiсi арқылы Мәскеудегi, ол кезде «ФСК» (федеральная служба контрразведки) аталатын мекеме бiзге Әлекеңнiң өзiнiң қолымен толтырған анкетасы бар, сосын соттаған кездегi хаттамасы бар, тағы бiраз құжаттарды жiбердi. Бiр хаттардың көшiрмесiн жiберсе, бiр хаттарды тек оқып-танысуға, көшiрiп алуға ғана рұқсат бердi. Сонда Әлекеңнiң сот барысындағы жауап алу хаттамасын оқығанда, ату жазасына кесiп, соңғы сөз бергенiнде айтқан бiр-ақ ауыз сөзi бар екен: «Иә, мен Совет үкiметiн жақтырмадым, бiрақ мойындадым» деген екен ақтық сөзiнде. Әлихан Бөкейханұлы Совет үкiметiнен жалынып-жалбарынып, өзiнiң аман қалуын сұрамаған. Тарихтан бiлемiз, сол кезеңде бұрынғы талай мемлекет басшылары НКВД-ның аяғына жығылып, амандық сұрағанда, ол ашығын айтты. Әлекеңнен НКВД өкiлдерi Қазақстандағы басшыларға қатысты құпия ақпараттарды сұраған. Бiрақ ол ешкiмдi көрсетпей, байланысым жоқ деп жауап берген. НКВД осы амалдары арқылы Бөкейханұлын атып тастап, артынша Қазақстандағы тағы бiр басшылық толқынды қырып тастамақ болған ғой. Анықтаманы қарасаңыз, Әлекең 1937 жылдың 27-қыркүйегiнде ату жазасына кесiлiп, үкiм сол күнi жүзеге асырылған.

Мәскеудегi 5 мың адам жерленген «Донской» зиратында Әлихан да бар

— Жалпы, Лениннiң Әлекеңдi тұтқынға ала отырып, жетi бөлмелi пәтерге тұрғызуы сәл де болса ұлт көсемiне деген құрметтi бiлдiре ме?

— Менiң бұл турасында бiр жазғаным бар едi. Совет үкiметi Әлихан Бөкейханұлынан тiрiдей қалай қорықса, ол кiсiнiң әруағынан одан бетер қорыққан.

Бiз, ақырында Әлиханның жерленген жерiн таптық. Әрине, мұны Әлихан Бөкейханұлының қабiрi, зираты деп айта алмаймыз. Ол жер — «Донской зираты» деп аталады. Қазiргi Ресей Федералды Қауiпсiздiк басқармасынан алған ақпар бойынша, сол алақандай жерге 5 мың адам жерленген екен (!).

«Донской» зиратында крематорий бар. Яғни, репрессия кезiнде 5 мың адамды атып тастап, крематорийге өртей берген ғой. Сөйтiп, жаңағы жерге күлiн төгiп отырған. Әйтпесе, 5 мың адамның сүйегi алақандай жерге сыймайды ғой. Түсiнесiз бе?!.. Сондықтан ол жерден Әлекеңнiң сүйегiн тауып алудың ретi жоқ. Тек күлi ғана бар. Мұны «Донской» зиратының директоры да мойындады. Мен ол кiсiмен сөйлестiм. Зират басшысы кейiн маған Әлиханның атылар алдындағы суретiн жiбердi. Бұл суреттi бiз сайтқа жариялаған болатынбыз.

— Смағұл Сәдуақасовтың сүйегiн де Мәскеудегi крематорийға өртедi ғой…

— Иә. Смағұл Сәдуақасовты крематорийға жаққанда, басында Әлиханның өзi болған. Қызы Елизавета, ұлы Ескендiр де болған. Смағұл жерленген кезде зират басында Тұрар Рысқұлов болған. Сосын Сәбит Мұқановтың бәйбiшесi Мәриям Мұқанованың естелiгiн оқысаңыз, Әлиханның осы сәттi сырттай көрiп тұрып, қатты сасып, сескенiп қалғаны туралы айтылады. «Әлекең түсi өте суық, сұсты, нағыз бiр патша сияқты көрiндi», деп жазады Сәбеңнiң бәйбiшесi.

Әлихан Бөкейханұлы — Шыңғысханның 23-ұрпағы

— Әлекең Мәскеудегi орман шаруашылығы институтында оқып жүргенiнде толтырған анкетасындағы тегi туралы жазбада «Сұлтан» деген сөз бар екен. Әлиханның осы титулы оның Шыңғысханның ұлы Жошыдан тараған әулеттiң өкiлi екенiн растай ма?

— Негiзi, Әлекең бастауыш мектеп бiтiргеннен кейiн алғаш рет Қарқаралыдағы кәсiптiк училищеде оқыған. Бұл кәсiптiк училищеден етiкшi мамандығын алып шыққан. Жалпы, ол Қарқаралыда 7-8 жылдай бiлiм алды. Кiтапта алған куәлiгi туралы дерек келтiрiлген. «Сұлтан Әлихан Нұрмұхамедов осы мамандық бойынша етiкшi болып жұмыс iстей алады» деп жазылған куәлiкте. Бiрақ, ол мұны мiсе тұтпай, 1886 жылы Омбыға ат басын тiреп, Омбы техникалық училищесiн бiтiредi.

Ол кезде «Сұлтан» деген сөз адамның ақсүйектiк мәртебесiн бiлдiретiн. Патша үкiметi мұны қаламаса да, мойындауға мәжбүр болды. Өйткенi, «Сұлтан» деген сөз «князь», «барон» сияқты тектiлiк ұғымдарымен сәйкес келедi. Тiптi, бароннан жоғары. Себебi, бұл — ханның тұқымы. Шыңғыс хан орыстар тұрмақ, дүние жүзi мойындап отырған тарихи тұлға. Шыңғысханның тiкелей ұрпағының тегiне патшалық үкiмет «Сұлтан» деп қосуына тура келдi.

Техникалық училищенi бiтiрген кездегi Әлиханның жазған арызын Омбы мұрағатынан таптым. Арызда Әлекең: «Менiң фамилиям Нұрмұхамедов емес, Бөкейханов» деп жазыпты. Училище директорының уезд бастығына жазған хаты бар екен. «Сұлтан Нұрмұхамедов өзiнiң фамилиясын Нұрмұхамедов емес, Бөкейханов деп айтып отыр. Мен оның фамилиясын солай деп өзгертуiме бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Оған ояз басшысының қалай жауап бергенiн бiлмеймiн. Бiрақ Петербордың орман институтына түскен алғашқы кезiнде оның фамилиясы «Нұрмұхамедов — Бөкейханов» болып жазылып жүрдi. Ол кезде «Букей-Ханов» болып жазылып келген. Сондықтан көптеген тарихи құжаттарда Әлекеңнiң фамилиясы көбiнесе «Букей-Ханов» немесе «Буккейханов» болып жазылады. Сосын Әлиханның Смахан деген iнiсi болған. Бұлардың әкесiн елiнде Нұрмұхамед емес, Мұқа дейдi екен. Сондықтан iнiсiнiң аты-жөнi «Смахан Мұқанов» деп жазылып кеткен. Бейбiт Сапаралы деген ғалымның Құнанбай қажы туралы жазған еңбегiнде «Смахан Мұқанов» деп жазыпты. Бiрақ ол кiсi Смаханның Әлиханның туған iнiсi екенiн бiлмесе керек. Тарихи дүниелерде осындай қызықтар да кездеседi.

Шыңғысханның кейiнгi ұрпақтарын есептеп қарасақ, Әлихан Шыңғысханның 23-ұрпағы екен. Сәбит Мұқановтың бiр пьесасы бар. Сәбең сол пьесасында Әлекеңдi сықақтап, «Ол патша билiгiнен өзiнiң хандық титулын қайтып беруiн сұрап жүр» деп жазады. Ойлап қарасаңыз, қазақтың өзiне тән төрелерге «төре» мәртебесiн, билерге «би» мәртебесiн берсе, одан халық ұтыла ма? Бiр кездегi мемлекеттiк құрылымда мұның әрқайсысының орны бар едi. Бiз билердiң сотынан айрылдық. Патша өкiметi бодандыққа алғаннан кейiн бiздiң барлық мемлекеттiк хандық институтымызды бiртiндеп жойды. Мәселен, Абайдың әкесi Құнанбай аға сұлтан болатын. Бұл дегенiңiз, қазiргi облысты басқару құрылымына сәйкес келедi. Осы аға сұлтандықты да жойып, оны болыстыққа дейiн, артынан ауылнай, старшинаға дейiн төмендеттi. Сондықтан Сәбең жазғандай, Әлекең сұлтандықты сұраса сұраған да болар. Тiптi талап еткен шығар! Өйткенi, 1731 жылы Әбiлқайыр хан бодандыққа қол қойғанда келiсiм қалай болып едi? Әлекең осы келiсiмнiң нұсқасын бiр жазбаларында жариялайды. Бұл бiр жағы. Екiншiден, Әлихан патша шенеунiктерi болып отырған қазақ сұлтандарымен хат алмасқан. Сонда әлгi сұлтандардың шен үшiн, атақ-даңқ, қызыл погон үшiн елдi сатып кеткендiктерiн оңдырмай әшкерелеп жазады.

Әлихан Бөкейханұлы мен Шәкәрiм Құдайбердiұлы бiр-бiрiне туған бөле болып келедi

— 1903 жылы жарық көрген «Ресейдiң толық жағрафиялық жазбасы» атты Петербордан шыққан 18 томдық жинақта Әлихан Бөкейханұлы қазақ халқының территориялық, этнографиялық, мәдени тынысын жаза отырып, «Қозы-Көрпеш — Баян Сұлу», «Абай» тақырыбына ерекше тоқталады. Әлиханды Абай мектебiнен тәлiм алған шәкiрттерi арасындағы ең озығы ретiнде санайтындар бар. Жалпы, Абайдың тiрi кезiндегi Әлиханмен арадағы қарым-қатынасы туралы не айтуға болады?

— Әлекең Абаймен көзi тiрiсiнде бiр-бiрiмен кездестi, бiр-бiрiн таниды деп айта алмаймын. Бұл турасында аңыз әңгiмелерде, тарихи құжаттарда немесе сол кездегi баспасөздерде ешқандай дерек, мәлiмет жоқ. Бiрақ, 1904 — 1910 жылдары Семейде «Семипалатинские областные ведомости» деген газет шыққан. Осы газетте Семейдiң Статистикалық комитетiнiң 1904 жылғы iс-әрекетiнiң есебi шығады. Осы есеп комиссиясында мүше болған азаматтардың аты-жөндерi келтiрiледi. Осы тiзiмге қарасаңыз, «Ибраһим Құнанбаев», «А.Букейханов» деп жазылған. Яғни, Әлекең мен Абай бiр комиссияның құрамында болған. Сондықтан олардың өзара жүздесуi әбден мүмкiн.

Сосын Әлиханның жақын достары — Абайдың ұлы Тұрағұл, Абайдың немере iнiсi Кәкiтай Ысқақ, Шәкәрiм Құдайбердiұлы болған.

Әлекең бiрiншi Думаны таратқан кезде «Выборг үндеуiне» қол қойғаны үшiн Семей түрмесiне жабылады. Сөйтiп, Семей түрмесiнде отырғанда Тұрағұл, Кәкiтай, Шәкәрiмдер келiп, «Әлеке, бiз аттардың бәрiн дайындап қойдық. Қашсаңыз қайтедi?» деген екен. Сонда Әлекең былай жауап қатқан деседi: «Ағайындар, егер мен жалғыз өзiм қашсам, казактардың жазалаушы отрядтары шығып, елге қырғын салады. Елдi қырғанша, жалғыз өзiм түрмеде отырғаным артық».

Әлиханның Абай туралы ең алғашқы мақаланы жазғанын бiлесiздер. Бұл мақалалар 1905, 1906, 1907 жылдары шыққан. Әлекеңнiң «Қазақ» газетiне шыққан «Кәкiтай» деген мақаласы бар. 1914 жылы Кәкiтай мезгiлiнен бұрын қайтыс болғанда, Әлекең Кәкiтайды еске ала отырып, «Өзiме Абайдың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар келгенде, отыра салып балаларына бiрден хат жаздым», дейдi. Әлекеңнiң айтып отырған балалары Тұрағұл мен Кәкiтай болатын. Сонда Әлекең кеңес берiптi. «Дереу Абайдың өлеңдерi мен жазбаларын хатқа түсiрiп, кiтап қылып басыңдар. Әйтпесе, ұмытылып, жоғалып кетедi» дептi. Кәкiтай осы шаруаны қолға алып, арнайы киiз үй тiгiп, молданы отырғызып, Абайдың есте қалған барлық өлеңдерiн хатқа түсiрткiзедi. Сөйтiп, Семейге барып, бiрнеше түйенi сатып, паромға отырып, Омбыға барады. Әлекең екеуi бiрге жатып, Абайдың өлеңдерiн, аудармаларын айтысып, мәз-мейрам болып, екеуi бiрге Семейге келедi. 1905 жылы жазған мақаласында Әлекең бұл мақаланы жазуға Абайдың немере iнiсi Кәкiтай Ысқақұлы көмектескенiн айтады. «Абайдың шығармалар жинағы «Семипалатинский подотдел западно-сибирского отдела и императорского российского географического общества» баспасынан шығады. «Под редакторством Алихана Букейханова» деп жазады. Әлекең Абай шығармаларының барлығына өзi редакторлық жасайды. Алғысөзiн де өзi жазады. Бiрақ, кiтаптағы алғысөзде Кәкiтай Ысқақұлы деп жазылған. Алайда сол кезде Әлекеңнiң өзi қудалауға түседi. Өйткенi, ол Бiрiншi Думаға депутат болып сайлануға тырысады. Екiншiден, қазақ тiлiнде газет шығаруға тыңғылықты кiрiседi. Содан 1906 жылдың 8-қаңтарында Семейге қайтып келе жатқанында тұтқындалады. Сол кезде Әлекеңнiң портфелiнде Абайдың қолжазбалары болады. Бұл турасында судьяның жазып алған тергеуiнде айтылады. «Менiң портфелiмде Абай шығармаларының қолжазбасы бар. Соны сақтауға тырысыңыздар. Оның құны — 5 мың рубль» дейдi Бөкейханұлы. Ол уақытта 5 мың рубль көптiң қолы жетпейтiн көлемдi қаржы. Ақыры, осы қолжазбаны сақтап қалса керек. Павлодар түбiндегi Ямышевский түрмесiне отырғызылады, бiр-екi ай өткеннен кейiн Омбы түрмесiне жiберiледi. Омбы түрмесiнен ары қарай жер аударып жiбергелi жатқанда, өзiнiң семейлiк жерлестерi «выборгщик», яғни, сайлаушы ретiнде сайлап, құтқарып қалады. Себебi, сайлаушының құқы ол кезде ерекше, сайлаушыны тұтқынға алуға рұқсат етiлмейдi. Сосын бiрiншi Думаның депутаты болып сайланып кетедi. Әлекең ерегескенде, 1909 жылы Абайдың жинағын Семейден емес, Петербор баспасынан бiр-ақ шығарады.

Сондай-ақ, Әлекеңнiң Абайға туысқандығы бар. Ол Құнанбайдың iнiсi Құдайбердiнiң әйелi жағынан туысады. Құдайбердiнiң бәйбiшесi мен Әлекеңнiң шешесi апалы-сiңлiлер. Яғни, Шәкәрiм мен Әлихан бiр-бiрiне бөле болып келедi. Бұл — тарихи фактор. Әлекеңнiң шешесi Бегiм ханым атақты батырдың ұрпағы. Аты есiме түспей отыр.

Әлиханның ұлы елге оралуды аңсаумен өтті…

— Әлекеңнiң ұрпақтарының бәрi қазiргi уақытта Мәскеуде тұрады. Осы туралы не айтасыз?

— Шынында, Әлекең атылып кеткеннен кейiн ұрпағының бәрi орыстанып кеттi. Өйткенi, балалары «Букейханов» деген фамилияны алып жүргенi үшiн үлкен қудалауға түстi. Әлиханның ұлының шын аты Өктай болатын. Ал куәлiк бойынша ол Сергей болып жазылып кеткен. Кезiнде Жезқазғанды алғаш рет көтерiп, онда үлкен табиғи қор жатқанын зерттеген Әлекеңнiң баласы Сергей Бөкейханов едi. 1938 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясынан «Большой Джезказган» деген қалың кiтап шыққан. Содан кейiн Жезқазғанды игеруге қомақты қаржы бөлiнiп, алғашқы келген топқа басшылық жасаған Сергей болатын. 1937 жылы әкесi атылып кеткеннен кейiн Сергейдi Қазақстанға сыйдырмай, қуып жiберген. Сергей қайғыға толы өмiр сүрiп, қаза болды. Қалай қайтыс болғаны белгiсiз. Ол үнемi елге қалай оралсам екен деп, Ресейдiң Қазақстанмен шекаралас өңiрлерiнде көшiп-қонып жүрген екен… Сергейдiң бәйбiшесi Мәскеуде қалған. Сол бәйбiшесiнен Евгений деген баласы бар. Евгений Сергеевич Букейханов. Ол кiсiмен мен 1992 жылы жүздестiм. 1994 жылы үйiнде болдым. Евгенийден Петр деген бала бар. Жақында Санкт-Петербургке барғанымда сол, асылдың сынығы Петр Евгеньевич Бөкейхановтың Ресейдiң Iшкi iстер министрлiгiнде қылмыстық iстердi тергеуге қатысты кандидаттық диссертация қорғағанын көрдiм. Ол да ғылым қуған, көзi ашық, көкiрегi ояу жiгiттiң бiрi. Бiрақ олар елден хабар үзiп қалған. 1992 жылы Ақтоғайда Әлихан Бөкейханұлының, Әлiмхан Ермековтiң, Жақып Ақбаевтың тойы болды. Сонда Евгений мен баласы Петр келдi. Екеуi ат мiнiп, төбелерi көкке жетiп, қазақпен қандай байланысы бар екенiн, аталарының қандай ұлы тұлға болғанына көздерi сол кезде ғана жетiп, қатты тебiрендi, сезiндi.

 

Ұлт мүддесiнен аттап кеткендердi кешiрмепті

— Кiтапқа енген, бұрын-соңды баспасөздерде айтылмаған тың деректер туралы айтасыз ба?

— Негiзi, Әлекеңнiң шығармалары 1889 жылдан жарық көре бастаған. Бұл деректi кездейсоқ таптым. Бұған түрткi болған марқұм Үшкiлтай Сұбханбердина деген библиограф апамыз болатын. Ол кезде «Киргизская степная газета», «Дала уәлаяты» газеттерiндегi барлық мақалаларды көшiрiп жатқан кез едi. Апамыз бiр күнi маған хабарласып, «Сұлтанхан, мұнда «Қыр оғлы» деген атпен бiр мақала шығыпты. Осы Әлекеңнiң мақаласы емес пе?» дедi. Сосын әлгi газеттердi ашып қарасам, «А.Н.», «Ә.Н» деген атпен мақалалар шыққан екен. Үңiлiп қарасам, Қарқаралы оязы, Тоқырауын болысынан. Бұл Әлекеңнiң туған жерi. «Ә.Н.» дегенiмiз — Әлихан Нұрмұхамедов емес пе?! Ол кезде Әлекең Омбы техникалық училищесiнде оқып жүрген. Ол үш-төрт мақаласын солай шығарады да, кейiнгi мақалаларының авторына «Қыр оғлы», «Сын степей» деп жазады. Сөйтiп, Әлекеңнiң қазақ және орыс тiлдерiндегi бас-аяғы 12 мақаласын таптым. Бұл — бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген мақалалары.

Сондай-ақ, 1906 жылы Омбыда «Степной пионер» деген газет шыққан. Әлекең сол жерге «А.Б.» деп қойған. Ресейдiң реакцияшыл премьер-министрi Столыпиндi жермен-жексен етiп сынаған, шамамен, 25 мақаласы бар. Бұл да ешқайда жарияланбаған. Кiтабымның төртiншi томында тағы бiр тың дерек бар. Кезiнде Ресейде Брод Гаусс пен Ефромның   керемет энциклопедиялық сөздiгi болған. Әлекең 1908 жылдан бастап, 1917 жылға дейiн 8 томнан 22 томға дейiн энциклопедияның редакция мүшесi болған. Сонда Әлекеңнiң өзi туралы анықтамада 1906-1907 жылдары «Омыч», «Иртыш», «Голос степей» деген үш газетке редактор болғаны айтылады. Мен «Иртыш» газетiн ұзақ iздесем де, таба алмадым. Бiрақ, Әлекеңнiң «Иртыш» газетiне шыққан мақалаларының басқа газетке қайта басылғанын таптым. Өткен жылы Петерборға барып, соның екi-ақ данасын қолға түсiрдiм. Негiзi, Әлекең, Дума тарқағаннан кейiн елге оралғанда, бiрден 1906 жылдың шiлдесiнен бастап «Омыч» газетiн шығара бастайды. Тамыз айының соңына қарай бұл газет жабылады. Жабылған күннiң ертеңiнде «Иртыш» газетiн басып шығарады. Ең қызығы, мұнда өзiнiң оқырмандарына арналған «Омыч» газетiнiң орнына ендi «Иртыш» газетiн алатын боласыздар» деген жазу бар. 1906 жылдың желтоқсанында Дала генерал-губернаторы «Иртыш» газетiн жабуға бұйрық бередi. Бiрақ, келер жылдың 1-қаңтарынан бастап «Голос степей» газетi шыға бастайды. Онда «Газеттi алушылар ендi «Омыч» пен «Иртыштың» орнына «Голос степейдi» алатын болады» деп жазады. Бұл — барлық газеттi бiр адам шығарып отырғанын бiлдiредi. Және бiр ерекшелiгi, бұл үш газеттiң редакторы ретiнде басқа адамдардың аты жазылады. Бiрiнде «Пивоваренных», бiрiнде «Кирьянов», бiрiнде «Ереденко» деген әйелдiң аты-жөнi жазылады. Олардың тарихын iздесем, «Пивоваренных» деген Әлекеңнiң жақын досы, адвокат болған.

1903-04 жылы қазақтың Шәймерден Қойшығұлов деген бiрiншi Думаға да, екiншi Думаға да сайланған депутаты болған. Сол депутат бiр ояз бастығының қазақтарды кемсiткенi үшiн, сотқа арыз жазғанында, оның арызын Пивоваренных жазып берген екен. Сол қазаққа арыз жазып бергенi үшiн адвокатты Омбыдан айдауға алып кетедi.

Сонымен аталған газеттердiң редакторы басқа адамдар болғанымен, iс жүзiнде Әлихан шығарып отырған. Өйткенi, бiрiншi Думадағы манифестке қол қойған депутаттардың барлығына сот шешiмi бойынша партияға, қоғамдық бiрлестiкке кiруге, баспа өнiмдерiн шығаруына тыйым салынған. Әлекең заңды сыйлай бiлген, ол қазақтың мүддесiн заң жүзiнде қорғауға тырысқан. Яғни, дұрыс жол тапқан. Әлекеңнiң 1907 жылдың қаңтарынан ақпанға дейiн шыққан «Голос степей» газетiнен 37 мақаласын таптым. Газеттiң редактор бағанасында екiншi Думаға кiмдi сайлау керектiгiн жазып отырған. Соның iшiнде Семей қазақтарына Әлекеңнiң үндеуi жарияланған екен. Осы үндеуiнде екiншi Думаға үмiткерлердiң iшiнен өзiнiң 5 досын айтады. Бiрақ, аттарын атамайды, өйткенi оларды өткiзбей қоюы мүмкiн дейдi. Сайлау жақындағанда ғана айтармын дейдi. Ақыры, бiр адамды Думаға өткiзедi. Оның есiмi — орыс тiлiнде «Темиргали Тютин Нороогенов» деп толтырылған екен. Қазақшалағанда, Темiрғали Түйтеұлы Нұрекенов болуы мүмкiн. Ол да ақсүйек тұқымынан болған. Кезiнде көзi ашық, көкiрегi ояу кiсi болса керек. Смахан төренiң естелiгi бойынша, Әлекеңнiң досы болған Темiрғалимен, кейiн Әлихан қол алыспай кетiптi. Өйткенi, Темiрғали халық мүддесiн сатып кетсе керек. Әлекеңнiң мiнезi сондай, егер ұлт мүддесiн аттап кетсе, кешiрмейтін болыпты.

 

Сұхбаттасқан — Думан АНАШ

(«Алматы Ақшамы», 21, 20-ақпан, 2010 жыл)

Ескерту: Сұхбат түпнұсқада «Ақынның көзi тiрiсiнде Абай мен Әлихан жүздескен болуы мүмкiн» деген тақырыппен берілген. Ішінара тақырыпшалар да өзгертілді.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*