Оралда Халықаралық театр күні жаңа өнер ұжымы жұмысын бастады.
Театрдың режиссері әрі көркемдік жетекшісі белгілі актер – Еркін Тасболат. «Ұлы дала» атауын иеленген театр келешекте әлемдік деңгейдегі шығармаларды сахналауды мақсат етеді. Әзірге негізгі көрермені – жеткіншектер. Сондықтан болар, тұсаукесер қойылым шымылдығы да «Сақ бол» атты халық ертегісімен түрілді. Айта кету керек, Халықаралық театр күні атаулы мереке ретінде 1961 жылы Венада өткен конгресте бекітілген. Мақсат – жер жүзіндегі барша театр ұжымдары мен өнер шеберлерінің шығармашылық байланысын бекемдей түсу. Су жаңа сахнаның тырнақалды туындысын көрермен жылы қабылдады. Безендірілуі, декорация мен актерлердің ойнау шеберлігі де көпшілік көңілінен шықты.
«Өнер саласында оқып жүрген 5 актеріміз, бір музыкалық операторымыз бар, әзірге ұжымымыз шағын. Өйткені жаңадан ашылып жатырмыз. Облыс, республика деңгейінде қалып қоймай, Қазақстанның туын әлемдік деңгейде көтеріп, өзге мемлекеттерге танытқымыз келеді. Ең үлкен арман-мақсатымыз осы», — дейді театр директоры Айжан Хамидуллина.
Дереккөз: 24.kz