Главная » Новости » Мәдениет - Культура » «РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» ҚАРАҒАНДЫДА

«РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» ҚАРАҒАНДЫДА

Ұлы драматург У. Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы» Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында сахналанды, деп хабарлайды «Медиа-Астана» сайтының тілшісі.

Әлемге әйгілі спектакльді сахналауда театрдың үлкен еңбегі көрініп тұрды. Екі күнде ойнаған екі құрамда өз рөлдерін жоғары деңгейде алып шықты. Бір-бірімен жауласқан Капулетти мен Монтекки адамдарының қақтығысымен басталған спектакль, екі әулеттің жалғыздары Ромео мен Джульеттаның махаббатымен өрбиді. Ромео мен Меркуционың адал достығы, кеудесі тек өшпенділікке толған Тивальттың өркөкіректігі, қас дұшпанға айналған қос әкенің, әсіресе Капулеттидің атаққұмар, қатыгездігі, Джульеттаны ақ сүтін беріп баққан сүт ананың жеңілтек болса да,  оған деген махаббаты, Лоренцио пірәдардың уыздай қос ғашыққа еген мейірімі көрініс тапқан спектакльде режиссер әр актерге оң жамбасына келетін рөлдерді бөліп берген екен.

др

Сахнадағы шеберлік, серіктесін түсіну, қимыл-қозғалыстары көрермендердің бір деммен көруіне ықпал етті. Ұжым боп жұмыс істеген актерлардың еңбегі жемісін берді деген ойдамыз. Ромеоны Нұрпейіс Абдураев пен Бақдәулет Әбілов, Джульеттаны Сая Тәшімбекова мен Гүлфайруз Тәжібаева, Князьды Қайрат Кемалов, Капулеттиді Бек Киекбаев, Монтеккиді Айбек Қырықбаев, әйелдерін Мадина Матамова мен Бибігүл Жағыпарова, Меркуционы Мирбек Шәкенов пен Ғани Бердембетов, Тибальтты  Бауыржан Нұрмағанбетов пен Мирбек Шәкенов, Бенволионы  Ахай Жұмамұратов, Джульеттаның сүт анасын Маржан Әнуар мен Гүлнұр Белгібаева, Лоренцоны Бауыржан Сүлейменов, Паристы Мұқағали Абишев, Петрды Досан Молдабаев сомдады.

Әр актер өздеріне артқан жауапкершілікті сезініп, көрерменге жеткізе білді. Н. Абдураевтың Ромеосы сезімтал, іңкәрлікке құштар болса, Б. Абиловтың Ромеосында өжеттік байқалды.  Джульеттаны ойнаған қос актриса да балауса қыздың Ромеоны бір көргеннен тұтанған ғашықтық сезімін, «Сенің Ромео болғаның бақ болмады, сор болдың» деп мұңаюын актерлік шеберліктері арқылы жеткізе білді.

Бірде ұшқалақ қызметші, бірде жеңілтек әйел, енді бірде мейірбан ана болып, бірде залды қыран-топан күлкіге қарық қылып, енді бірде мұңайтқан, бір спектакльде мың құбылып ойын көрсеткен Маржан Әнуарға залдың қошеметі ерекше болды. Сахнаға алғаш шыққан Ахай Жұмамұратов та берілген міндетті ақтап шықты. Сәкен театры тағы бір талантты актермен толықты.

 

Спектакль театрсүйер қауымның көңілінен шыққанын ыстық ықыласынан байқауға болады. Дүниежүзіне белгілі спектакльді жүрексінбей, сахнаға алып шыққан режиссер  Дунай Еспаев көрермендерін тағы бір разы етті. Дунай Еспаевты бұрын тамаша актер ретінде білетін қарағандылықтар кейінгі жылдары режиссер ретінде танып жүр. Қазір театрсүйер қауым Дунай Амандықұлы қойған спектакльдерді асыға күтетін болған.

ДД

Қаламыздағы қара шаңырақ Сәкен театры көпшіліктің көңілінен шығатын, мазмұны терең, тағылымы мол спектакльмен толықты. Бірнеше ғасырлық тарихы бар Шекспирдің бұл шығармасы театрдың репертуарынан түспейтініне сеніміміз кәміл.

Марал ДАДИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*