Елімізде соңғы жылдары корей мәдениетінің кең таныла бастағаны белгілі. Бұған «Корей толқыны» деген атаумен көгілдір экранды жаулаған Оңтүстік Кореяның телехикаялары мен ән-биінің үлесі зор. Корей мәдениетін танып-білуге құлшынып, таңғы шық еліне оқуға түсуші қазақ жастарының саны да жыл санап артып келеді. Олардың арасында «Korean foundation» халықаралық қорының гранты бойынша оқып жатқандары да аз емес.
Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігіне қарасты бұл мемлекеттік мекеме ел ішіндегі және шетелдегі корей тілін оқып-үйренем дейтін студенттерге стипендия тағайындап, өзге мемлекеттердегі корейтану орталықтарына қолдау көрсетуді мақсат тұтады.
Аталған ұйым жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде «Корея туралы дәрістер» атты конференция ұйымдастырды. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған осынау шараға Кемең Университетінің профессоры Со Жуң Су мен Ихуа Қыздар университетінің профессоры Ким Ең Хун қатысты.
Шетелдік ғалымдар Кореяның экономикалық жетістіктеріне арқау болған ұлттық индустриялық саясат пен ХХ ғасырда әлемге кең тарай бастаған Корея мәдениетінің ықпалы туралы жан-жақты әңгімеледі. Шараны ұйымдастырушылар мұндай конференциялардың студенттерге ғана емес, профессорлық-оқытушылық құрамға да тағылымы көп екенін айтады. Атап айтқанда, шетелдік профессорлармен пікір алмасып, тәжірибесін ұштауға, тіпті университеттер деңгейінде тығыз байланыс орнатып, білім-ғылымды өрістетуге сеп болмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті алдағы уақытта да мұндай іс-шаралардың аясын кеңейте беруді көздеп отыр.
ГауҺар Батырхан
Алматы.