Главная » Новости » Білім - Образование » ҚАСІРЕТТІ ТАРИХИ ЖЫЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ!

ҚАСІРЕТТІ ТАРИХИ ЖЫЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ!

33de3f69f08c475e1212fc9ab50e1235

КСРО тоталитарлық билігінің қандықол

саясатының зардабынан шаһит болған барлық

 құрбанның әзіз рухына бағыштаймын.

Өлі разы болмай
Тірі байымайды
(Халық даналығы)

Бісміллаһір-Рахманір-Рахім!

          31 мамыр – бүгінгі жер басып жүрген тірілерді тәубасына түсіретін азалы күн.Қазақтың баласы ешқашан қасіретті тарихын ұмытпауы керек…

Коммунистік идеологиялық бағытты мықтылап ұстанған КСРО сияқты тоталитарлық мемлекет үстемдік еткен кешегі ғасырда қазақтың тарихына қатысты, әсіресе, ащы да қасіретті тарихына қатысты деректердің зерттелуі – тиым салынған жабық мәселе болатын. Бүгінде қазақтың өз билігі өзінде, басында ноқта, тірсегінде тұсауы жоқ еркін. Шүкіршілік. Азаттық таңы атты. Өшкен жанып, өлген тіріліп, жоғалған табылып жатқан заман ғой… Бірақ, жүректегі қасірет сызы қанша уақыт өтсе де өшер емес. Қазақтың қыршын кеткен боздақтары жер жастанып, өлім құшқан күнді ешқашан ұмытуға хақымыз жоқ!

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1995 жылдың 24 наурызында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының бірінші сессиясында: «Кеңес Одағының барша тарихы халықтардың құқықтарын аяққа басушылық пен тікелей қырып-жою секілді көптеген келеңсіз жайлардан тұрды. Бұл 1920-1930 жылдардағы миллиондаған адам қырылған аштық. Қазақтардың саны жартысына дейін қысқарса, орыстар мен басқа халықтар миллиондаған адал еңбеккерлері мен жігерлі жандарынан айырылды. Көптеген ұлттардың генефондына орасан зор зиян келді» деген болатын.

Профессор М.Құл-Мұхаммед: «Біріншіден, ашаршылық бүкіл Кеңес Одағының қасіретіне айналды. Қазақстанмен қатар, Украина, Белорусь және Ресей Федерациясының Еділ бойы, Орталық қаратопырақты аймақ, Орал, Батыс Сібір мен Солтүстік Кавказ өлкелерін қамтыды. Бірақ ашаршылықтан ең көп зардап шеккен Қазақстан болды.

Екіншіден, жаппай ұжымдастырудан қазақ, украин, орыс халқының өкілдерімен қатар жоғарыда аталған өлкелердегі басқа да көптеген ұлттың өкілдері қасірет шегіп, құрбан болды. Сондықтан ол бір ғана ұлттың емес, бүкіл мемлекеттің трагедиясына айналды.

Үшіншіден, күштеп, зорлық-зомбылықпен жүзеге асырылған ұжымдастырудан Ресей,Украина және Қазақстанда 7 миллионнан астам адам құрбан болды. Ашаршылықтан ең көп қырылған қазақтар еді.

Төртіншіден, ұжымдастыру науқаны халықтың ашу-ызасын туғызып, бүкіл Кеңес Одағы бойынша 6000-нан аса түрлі толқулар мен көтерілістерге ұласты. Және оның бәрі аса зор қаталдықпен, репрессивті машинаның күшімен басып-жаншылды. 1933 жылды белең алған қуғын-сүргін біртіндеп,1937-1938 жылдардағы сталиндік жаппай репрессияға ұласты.

Бесіншіден, күштеп ұжымдастыру ауыл шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан уклады мен тәжірибесін талқандап, ел экономикасының, әсіресе, ауыл шаруашылығының тұралауына әкеліп соқтырды»,-деп кейбір концептуалды мәселелерді санамалап береді (Құл-Мұхаммед М. Жоқ, мұны ұмытуға болмайды// Егемен Қазақстан, №292-297 (27371), 5 маусым, 2012,2 бет).Міне, көрдіңіз бе, ашаршылық, репрессияның бәрі алдын ала жоспарланып, қасақана жасалған қасірет. Бұл – ХХ ғасыр басындағы алапат қырғын. Бұл қырғынды істеген солақай саясаттағы бюрократтардың ісі – ешқашан кешірілмейтін ауыр қылмыс!

КСРО-ның тоталитарлық кері саясатының салдарынан 1932-1933 жылдары 1921-1922 жылдардағы ашаршылық оқиғасы қайталанған. 1928 жылдан бастап қазақтың бай-бағландарының мүлкі мен байлықтарын тәркілеп, өздерін итжеккенге айдап, қуғын-сүргінге ұшыратқан. Бірақ, біздің отандық ғалымдардың статистикалық және тарихи мәліметтерінде 1932-1933 жылдары 1,5-2 миллионнан астам адам құрбан болды деп жазылып жүр. Әлі күнге дейін нақты дерек жоқ. Кейбір деректерде, 1920-1930 жылдары 4 млн қазақ құрбан болған екен. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде 1 млн 700 мың адам, 1932-1933 жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам құрбан болған деген тағы бір дерек бар. Бейресми деректерде 13 млн қазақ қырылған деп жазылып жүр. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?! Міне, анықтап, нақты шешім шығаратын маңызды мәселенің бірегейі осы. Ал, ашаршылық мәселесін жіті зерттеген профессор Т.Омарбеков: «Қазақ баспасөзі осы ашаршылық мәселесін бұрмалап келді. Не үшін? Аштықтан төрт миллионнан астам қырылды дейді. Ондай қазақ қырылған жоқ. Өйткені, 1930 жылы қазақтың саны төрт миллион сегіз жүз мың болатын. Қазақ баспасөзі осы ашаршылық тарихын бұрмалауда соңғы жиырма жылда үлкен «үлес» қосты. Менің әріптестеріме айтар өкпем бар. Олар менімен жиі-жиі сөйлеседі, бірақ мені тыңдап жатқан ешкім жоқ. Атақты ақын-жазушыларымыздың өзі төрт миллион қазақ қырылған деп аузы-мұрны қисаймай бұрмалап айтып жүр» депті бір сұхбатында (Омарбеков Т.Коммунистер Парламентте қай беттерімен отыр?..//Ұлт TIMES, 31мамыр, 2012,3 бет). Ал, сатирик-жазушы Т.Құлиястың осы мәселе туралы жазып, айтып жүргені бір басқа. Әйтеуір, тарихтың ісі әркімнің ермегіне айналып, бұрмаланып кетпесе екен. Біз де халықты, оқырманды шатастырмайтын нақты тарихи деректің жазылып, ел тарихшыларының мәмілеге келіп, ортақ шешім шығаруын күтеміз.

Кеңестік тоталитарлық биліктің келесі бір қазаққа жасаған қасіреті – қазақтың оқыған азаматтарын нақақтан-нақақ «халық жауы» етіп, қуғын-сүргінге ұшыратауы. 1937-1939 жылдар арасында Қазақстанда 125 мыңдай адам репрессияға ұшырап, оның 25 мыңдай адамы ату жазасына кесілген. 1933-1938 жылдары Қазақстанды басқарған Л.Мирзоян, қазакемнің «Мырзажан» деп еркелеткен еркетотайы Сталинге хат жазып, «халық жауларын» ату жөнінде лимит сұраған. Сөйтіп, Мырзажанның «мырзалығымен» 16 мыңнан астам қазақ ату жазасына кесілген. Олар – ұлттың ары мен ұяты болған қазақ интеллигенциясы еді.

1929-1931 жылдары 80 мыңнан астам адамды қамтыған 372 шаруалар көтерілісі болған. Ресми мәліметке сүйенсек, 1930 жылдың қаңтар-сәуір айларында КСРО –да 1,8 млн адамды қамтыған 6 мыңдай шаруалар көтерілісі болған. Біздің елімізде Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Қарақалпақ, Адай, Абыралы, Шыңғыстауғ Балқаш, Жетісу, Ақсу, Сарқан, Шұбартау, Батпаққара, Қордай көтерілістері болған. Осы аталған өңірлердегі көтерілістер толықтай зерттеу нысанына айналуы тиіс еді.

ХХ ғасырдың 1921 жылынан бастап, яғни, кеңестік билік орнағаннан кейінгі қазақ халқының тағдырына аяусыз қастандықтар жасалған. Бір ақиқаты –Ленин, Сталин, Голощекин, Мирзоян секілді комформисттер қазақты ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберуді мақсат еткен. Әкімшіл-әміршіл бюрократтардың қазаққа істеген қастандығы – қолдан жасаған ашаршылығы мен қуғын-сүргінді ұйымдастыруы. Бір сөзбен айтқанда, бұл – геноцид, ұлттық трагедия. Сұрапыл зұлматтың саяси бағасын нақты бере алмай келеміз. Осы жағы өкінішті. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы алапат трагедиясы – геноцид деп әлемге жария етіп, КСРО-ның қандықол қылмысын әшкерелеу керек!

          Бұл күн – барлық қазақтың аза тұтар күні. Азанамамның бірқайырар тілегі сол: қазақтың басына бұндай алапат қырғын енді қайтып келмесін. Жер бетінде тыныштық, бейбіт заман болсын!

          Әумин!

Елдос Тоқтарбай,

әдебиет зерттеушісі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*