Главная » Главная тема » ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындары Петропавлда өтеді

ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындары Петропавлда өтеді

2017 жылғы 1 қарашадан 5 қарашаға дейін еліміз үшін аса маңызды ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындары өтеді деп жоспарланып отыр.  Аталмыш ойындар жыл сайын түрлі облыс орталықтарында өткізіледі. Биыл мәдениет пен өнер саласындағы шығармашылық жарыс Петропавлда өтпек.

160px-Seal_Petropavl.svg

«Біздің облыста осындай ауқымды жобаның өткізілуі облыстың шығармашылық әлеуетінің дамуына және биік өнер арқылы жас буынға патриоттық тәрбие беруге, ұлттық мәдениетті, музыкалық дәстүрді сақтау мен дамытуға, мәдени мұраны молайтып, еліміздің халқы арасындағы мәдениаралық диалогын жүргізуге аса күшті түрткі болатынына сенеміз», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ермек Рахимов.

Ұлттық Дельфий ойындары  әр түрлі 20 қалалық алаңда өткізіледі. Делфийлік қонақтарды жоғарғы оқу орындары, колледждер мен өнер мектептері, театрлар мен жастар үйлері, сонымен қатар ғылыми кітапхана мен балалар шығармашылығы орталығы қабылдайтын болады.

12 облыстан, Астана мен Алматыдан 600-ден аса адам дельфийлік алтын алқаларды иелену үшін бақ сынасатын болады. Өйткені олардың әрқайсысы өздерінің асқақ армандары — Халықаралық дельфий ойындарында біздің елдің атынан шығу мүмкіндігін алу үшін барын салуда. Биылғы жылы қатысушылар 18 номинация бойынша сынға түспек. Олардың әрқайсысында жас ерекшеліктері бойынша бірнеше топтар бар. Олардың арасында фортепиано, баян, аккордион, ұлттық аспаптар, театр, халық әндерін, академиялық, эстрадалық әндерді орындау, халық биі және заманауи билер, фото сурет, тележурналистика, қысқа метражды кино (видеороликтер), бейнелеу өнері, киім дизайны, декоративті-қолданбалы өнер бар.

«Ұлттық Дельфий ойындары — бұл ең алдымен солтүстік өңірдің мәдени және ғылыми дәстүрлерін дәріптеуге, ерекше жарқын дарындарды табуға, біздің жастардың рухани баюына мүмкіндік туғызатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қойылған тапсырмаларға сәйкес келетін мәдени оқиға. 13-ші Ұлттық Дельфий ойындарының айрықша ерекшелігі — Екінші Парадельфийлік ойындардың есту қабілеті бұзылған балаларға арналған «Хореография» мен «Ишара тілінде ән орындау» деген екі номинациясы мен жаңа қосылған «Арбаға таңылған жандар биі» номинациясының тұсауын кесу» — деп атап өтті Ұлттық дельфий комитетінің директоры, жоба жетекшісі Құралай Түспекова.

Қазақстанның әйгілі спортшысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері, 2005 пен 2007 жылдардағы бокстан әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы және 2012 жылғы Вэл Баркер Кубогының иегері — Серік Сапиев 13-ші ұлттық Дельфий ойындарының амбассадоры ретінде таңдалған.    ХІІІ-ші Ұлттық Дельфий ойындары «Өнерім — рухани қазынам» деген атау алды. Бұл кездейсоқ емес, өйткені оның патриоттық тапсырмалары — ұлттық мәдениетті, музыкалық дәстүрді сақтау мен дамыту, мәдени мұраны молайту, толеранттықты дамыту және еліміздің халқы арасындағы мәдениаралық диалогын жүргізу.

Дереккөз: inform.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*