ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммунициялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, — деп хабарлайды «Медиа-Астана» сайтының тілшісі strategy2050 сайтына сілтеме жасап.
Депутаттар БАҚ үшін ақпарат беру бойынша уақыт пен мерзімге қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті.
Ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша заң жобасы үкіметтің заң жобалары жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарына және 2016-2021 жылдарға есептелген заң шығармашылығының жұмысы тұжырымдамалық жоспарына сәйкес жасақталды. Онда БАҚ, байланыс пен ақпарат салаларында құқықтық қатынасты реттеуге арналған 6 кодекс пен 16 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.
Қазақстанның ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев еске салып кеткендей, заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарын одан әрі дамыту үшін заңнамалық базаны қалыптастыру, қазақстандықтардың БАҚ-пен қарым-қатынасын реттеу, меморгандар мен БАҚ арасында тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру, ақпараттық және коммуникация технологиялары мен байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар, заң жобасында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын тиімді іске асыру бойынша нормалар кешенді түрде ұсынылған.
«Бұл талқыланып отырған заң жобасы бірден үш саланы дамытуға бағытталған кешенді шаралардан тұрады. Атап айтар болсақ, ақпарат, байланыс пен ақпараттандыру салалары. Сонымен, заң жобасы ақпараттық саладағы азаматтардың құқығын қорғауға, БАҚ қызметіне сапалық тұрғыда өзгертулер енгізуге, олардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға, ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімдігін қамтамасыз етуге, сапалы тұрғыда пайдалануға мүмкіндік береді», — деді А.Әжібаев.
Жалпы, комитететтің бұл отырысында БАҚ туралы заң жобасына қатысты көптеген сұрақтар қойылып, қызу талқылаулар болды. Аталмыш заңды болашақта Сенаттың бірінші оқылымында таныстыру жоспарлануда.