Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Шарайна» бағдарламасының продюсері:
– Әсия, сұрақты төтесінен қояйын. Осы «Шарайна» телесаяхатының ұстанымы не? Көрерменге қандай қажеттілігі бар деп ойлайсыз?
– Бағдарлама мақсаты – әлемді қазақтың көзімен тану. Әрине, Ресей арналарында мұндай бағдарламалар жетерлік, тіпті тек қана телесаяхаттарды көрсететін бір емес, бірнеше телеарна бар. Бірақ әлемді қазақтың көзімен танытатын ондай бағдарлама «Қазақстан» Ұлттық арнасынан басқа отандық арнамызда бұрын-соңды болған жоқ. Осыдан келіп, қазақ көрерменінің таным көкжиегін кеңейту деген – бағдарламаның мақсаты шығады. Әлемдегі саяси өзгерістер фонында еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі маңызды мәселе екені жасырын емес. «Шарайна» өзі саяхаттайтын елдің саясаты жайлы айтуды мақсат санамайды, десе де белгілі бір ұлттарға, халықтарға, мәдениеттерге деген стереотипті көзқарастардан арылып, объективті пікір қалыптастыру – қай кезде де өзекті болатыны анық. Бірақ бағдарламаның алтын арқауы болып отырған ой – әр халықтың ұлттық ерекшелігін таныту. Әлемде қанша ұлт болса, сонша тіл, болмыс пен мәдениет бар. Өзге халықтарды таныту арқылы біз өз көрерменімізге ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың қаншалықты маңызды екендігі жайлы ой қалыптастырамыз.
– Бағдарлама барысында қандай елдерге сапар шектіңіздер?
– Мақтанышпен айтуға болатын бір сапарымыз – қазақ телевизиясының тарихында тұңғыш рет Африкаға сапар шектік. Африка болғанда да құрлықтың ең түстік нүктесінде болып, Оңтүстік Африка Республикасының үш бірдей қаласы мен бірнеше табиғи парктерін араладық. Намибияға барып, әлі күнге дейін өркениет белгісі жетпеген химба тайпасын түсірдік. Кезінде 70 пайызын немістер қырып жіберген химбалар қазір ұшы-қиырсыз шөлде дәстүрлі тұрмысын сақтанып отыр. Қанша уақытқа дейін қаймағын бұзбай сақтайды? Ол басқа мәселе. Бірақ дүние құбылып жатқанда осындай табиғи қалпында сақталған халықтардың болуы – ғажап емес пе? Намибияда инфрақұрылым соншалықты дамыған деп айта алмаймыз, әуежайдан 1200 шақырым жердегі ауылға жету де оңай болған жоқ. Осы орайда шығармашылық топтың атынан, бұл түсірілімдерге мүмкіндік жасаған «Қазақстан» РТРК Басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызы Мұхамеджановаға және «Қазақстан» арнасының директоры Ілияс Башарұлы Ысқақов мырзаға зор алғыс айта кеткім келеді. Африкаға дейін, Малайзия, Сингапур, Филиппин, Индонезия, Вьетнам сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің біразын араладық. Біріккен Араб әмірліктері мен Түркияның да танымал нысандары туралы таратып айттық. Қай елдің де «өзінен бұрын жүретін» символдық ұғымдары болады ғой. Мысалы, Үндістанға барғанда үнді киносы қалай түсіріледі, үнді пілін қалай өсіреді, үнді шайын қалай жинайды, үнді биінің құпиясы қандай деген сияқты сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Жалпы, жаңа елдерді көрген сайын халықтардың сан алуандығын және өзіміздің де сол тұтас дүниенің ажырамас бөлшегі екенін байыптай түсесің.
– Шығармашылық топқа қай елде бағдарлама түсірген қызық болды?
– Әр елде көңіл тоқтатар дүние аз емес қой. Бірақ ең қызық түсірілімдер жоғарыда айтқан химба тайпасында болғанын айта кету керек. Бұл тайпаның қонысына баруымыз – біз үшін, тіпті кез келген басқа елдің телевизиясы үшін үлкен сәттілік деуге болады. Химбалар ерекше халық, теледидар көрмейді, интернеттің не екенін түсінбейді, тоқшәйнек пен үтікті ұстап көрмеген. Олар үшін ең қымбат байлық – ауызсу. Адамы да, жануары да бірнеше күн су ішпей жүре беруге дағдыланған. Ал сумен жуыну олар үшін миға сыймайтын құбылыс екен. Біреуге олардың өмірі тозақ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ «ер туған жеріне» дейді ғой. Дәл сол сияқты, сонау Қиыр солтүстікте жатқан Якутия Республикасына да барып, бұғы бағатын көшпелі якуттардың тұрмысымен таныстық. Қысы-жазы көшіп-қонып, көмей әнімен бұғыларын қайырып қойып жүретін бұғышылардың бойынан өз халқымызға келетін көп қасиеттерді көрдік. 50 градус аязға шыдайтын якут жылқысының құпиясы неде, олардың қымызы қандай, неге қыздарының өне бойына 30 келіге дейін күмістен әшекей тағады?.. Қай халықта да, зерделеп қарасақ, қызықты дүние аз емес. Шетелде бағдарлама түсіру оңай емес екені түсінікті ғой. Сондықтан шығармашылық топқа бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямай, барынша түсіністікпен қарап отырған телеарна басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – көрерменнің көңілінен шығу.
– Бағдарламада көрерменмен кері байланыс орнатылған ба?
– «Қазақстан», қанша дегенмен, көзіміздің қарашығындай болған ұлттық арна ғой, қашан да көрерменнің назарында.Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласушылар аз емес. Көпшілігі бағдарлама барысында айтылған қызықты деректер мен қажетті ақпараттарға алғысын айтып, кейде тіпті көрсетілген елге жету, виза жасау, орналасу мәселелерін сұрап жатады. (Ондай кезде туристік фирманың қызметін атқарып кететініміз бар.) Бірі «Бағдарламада айтылған деректерді жазып үлгермей жатырмыз» десе, екіншісі керісінше, «Неге бір нысанды сонша ұзақ түсіресіңдер, бәленше деген дүниені естіп едім, сол жайлы неге айтпадыңдар?» дейді. Әрине, бүкіл елді 26 минутқа сыйғызу мүмкін емес. Мұндай бағдарлама түсіру – бір қарағанда ғана оңай көрінеді. Бірақ баратын елмен байланыс орнату, ондағы ең қызықты бағыттар мен нысандарды таңдау, түсірілімге рұқсат алу сияқты, ұйымдастыру жұмыстары да аз емес. Шығармашылық топтың жұмысы, жүргізуші Рүстем Жүнісовтің ізденісі өз алдына. Әр елдің заңы басқа ғой. Кей елдерде сенің тек қана жылтыратып, бергі жағын түсіріп кеткеніңді қалап тұрады. Ал біз халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін барынша шынайы, барынша объективті көрсетуге тырысамыз.
– «Шарайна» бағдарламасында жүріп не түйдіңіз?
– Әр ұлттың өзінің Абайы, өзінің Абылайы және сол ұлтты ұлт қылып тұрған қасиеттері бар екенін түсіндік. Мысалы, вьетнам халқы аса еңбекқор екен. Олар бір ғана күріш өсіріп, содан кәмпит те, нан да, тамақ та, тіпті біздің ойымызға келмейтін дүниелерді жасап шығарады. Жаратушы кейбір ұлттарға табиғаты тамылжыған жер сыйлаған екен. Мысалы, Түркия делік. Оларда табиғи қазба байлықтар атымен жоқ, мәрмәрдан басқа ештеңе шықпайды. Есесіне, халықтың еңбекқорлығының арқасында бақуатты өмір сүріп отыр. Сосын туризмді дамыту деген мәселеге келсек. Бүкіл әлем баратын Филиппин, Индонезия, Малайзияның ірі қалалары болмаса, жалпы инфрақұрылымы мәз емес. Бірақ бүкіл әлем оларға ағылып жатыр ғой. Мысалы, Вьетнам экономикасына туризм жылына 12,4 млрд. әкеледі. Ол ненің арқасы? Олар өздерінің тарихи нысандарын жақсы жарнамалай алады. Мысалы, Ханойда «Қайтарылған семсер көлі» деген көл бар. Қарап тұрсаң, кереметтей ештеңесі жоқ, кәдімгі шалшық су ғана. Бірақ олар сол көлді елдің тарихымен байланыстырып, аңыз қылып жеткізеді. Қытай басқыншыларымен соғысқан қолбасшыға осы көлден алып тасбақа шығып, семсер сыйлапты, сол семсердің көмегімен вьеттер жауды жеңген соң, тасбақа қайтадан келіп, семсерді жұтып жоқ болыпты дейді. Кәдімгі ағаштан жасалған көпір тұр дейік. Оны қызыл бояумен бояйды да, «Күн сәулесі көпірі» деп ат қояды. Қатардағы көпір, ерекше ештеңесі жоқ. Соны ағылып барып көреді жұрт. Мысалы, бізде аңыз емес, расында болған тарихи оқиғалардың ізі баршылық. Тараздағы Айша Бибі кесенесін алыңыз. Өлім аузындағы сүйіктісімен некесін қидырып, Бибі статусында жер қойнына тапсыру деген – сүйіспеншіліктің асқан шыңы, ондай махаббат хикаясы әлемдік әдебиетте кездеспейді. Ал біз сол оқиғаның өзін тиісті деңгейде таныта алмай отырмыз. Шетелдіктер түгілі өз еліміздің ішінде. «Көргенді кісі көргенін айтар, көргенсіз кісі бергенін айтар» дейді ғой. Көргеніміз бен көрсетеріміз көп болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!